Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков «экс-президенттерді жауапқа тарту туралы» заңға қол қойды. Бұл туралы Рolitanalyse.com хабарлады.
4 сәуірде Қырғызстан билігі «Қырғызстан президентінің қызметіне кепілдік беру туралы» заң қабылдаған болатын. Кейіннен құжат авторлары Жээнбековке аталған заңға өзгерістер енгізу туралы ұсыныс білдірген. Қырғыз басылымдарының хабарлауынша, заңның 11-бабы бойынша экс-президент мемлекеттік билік органдарында саяси, арнаулы мемлекеттік лауазымдарды атқармауы тиіс. Егер экс-президент ережелерді бұзса, бас прокурордың ұсынысына сәйкес бұрынғы президент республикалық бюджет қаражаты есебінен материалдық жағынан қамтамасыз етуден және арнайы кепілдіктерден айырылады.
Құжатты қабылдау туралы ұсыныс Қырғызстан құқық қорғау органдарының Атамбаев «ТЭЦ-ті модернизациялау кезінде сыбайлас жемқорлық қылмысы болған» деген айыбынан кейін қабылданды.
Айта кетейік, 18 наурызда Бішкекте өткен Ақсы оқиғасында құрбан болғандарды еске алу шарасында Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев Жээнбековты билікке әкелгені үшін кешірім сұраған болатын. Ол сөзінде: «Өмір бойы отбасылық авторитарлық режиммен күресіп жүріп, ішін көрмей, сыртын ғана көріп, осындай адамды билікке алып келгенім үшін кешірім сұраймын», – деген. Ал қазіргі президент Сооронбай Жээнбеков «мен тұрғанда кландық басқару жүйесі ешқашан болмайды» деп мәлімдеген.