Бюджетте бекітілген мұнай бағасы өзгермейді, – деп мәлімдеді ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.

Бюджетте бағаның консервативті нұсқасы бекітілгендіктен, қазіргі уақытта мұнай барреліне 67 доллардан жоғары бағаланған. Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Дәленов: «Баға өзгеріп отырады және оның бірнеше себебі де бар. Солардың бірі, қазіргі уақытта АҚШ-тың қазынашылық қағаздарында «ауытқымалы кірістілік инвериясы» байқалып отыр. Бұл өте сирек кездесетін жайт. Үшайлық қазынашылық қағаздарының кірістілігі онжылдық қағаздар кірісінен асып кетті. Мұндай жайт 2007 жылы, 2000 жылы, 1989 жылы болған еді. Әдетте кірістің мұндай ауытқуы Құрама Штаттар экономикасындағы рецессия алдында болатын. 1957 жылдан бері АҚШ-та жалпы 9 рецессия байқалды. Сол себепті, инвесторлар бұдан кейінгі экономикалық өсімге сенбей, ұзақмерзімді қағаздарды өздерінің кірістерін бекіту үшін сатып алады. Қортындысында қағаздың өзінің құны өсіп, ал оның кірісі төмендейді», – деді.

Министрдің пікірінше, Қазақстанда бюджет пессимистік және орта параметрлер негізде қалыптасқандықтан, сауда балансы оң және алдағы уақытта баға құбылмайды.

"The Qazaq Times"