«Жастар жылына» қосымша 25 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінбек. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова Үкімет отырысында мәлімдеді.
Г.Әбдіқалықова өз сөзінде бөлінген қаржының бүгінде басты мәселеге айналған жұмыспен қамтамасыз ету, білім саласындағы кемшіліктерге мән беру және жастар практикасына қарасты жұмсалатындығын айтып сендірді. Сонымен қатар, жаңа кәсіп бастау үшін гранттар да қарастырылмақ. Әбдіқалықова аталған мәселелер тек әлеуметтік министрлікке емес, барлық министрлікке қатысты болғандықтан, «бірлесе күш біріктіру» керектігін айтып өтті.
Үкімет «Жастар жылына» арналған іс-шараларды ұйымдастыру үшін бюджеттен 100 млрд теңге бөлуді жоспарлаған. Енді аталған сомаға 25 млрд теңге қосылады. Осы ретте елдегі әлеуметтік мәселелердің етектен тартып тұрғандығын айта өткен жөн болар. Ranking.kz сараптама орталығының статистикасы бойынша, Қазақстанда баспанасыз жүрген азаматтардың саны 2,5 миллион адамды құраған. Бұл шамамен ел халқының 14 пайызы. 2016 жылғы статистика бойынша, Қазақстанда 140 840 неке қиылған. Оның ішінде 51 775 отбасы ажырасқан. Әлеуметтанушы мамандардың пікірінше, жас отбасылардың ажырасуының басты себептерінің бірі тұрғын үй мәселесі, жұмыссыздық және әлеуметтік жағдайдың төмендігі. Ал билікте жақында орын алған жаңалықтар мен астана атауының өзгеруіне «бас қатырған» Үкіметке қарап, биылғы «Жастар жылының» қаншалықты оң нәтиже беретінін дәл қазір дөп басып айту қиын.