Орталық барлау басқармасының бұрынғы қызметкері Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлия Скрипальдің Солсберидегі уланғаны туралы істе жаңа күдіктілер пайда болды.
«Daily Telegraph» Ресейден Британияға «Скрипальдерді улау мақсатында» ұшып барған үшінші ер адам туралы хабарлады. Александр Петров пен Руслан Бошировтан бөлек, «жаңа» күдіктілер өткен жылдың наурызында турист ретінде британдық визаны алып, Британияға барған.
Мәліметтер бойынша, полиция қызметкерлері ресейлік Сергей Федотов туралы көп ақпарат жинап, оны ресми емес үшінші күдікті деп атады. Ал «Times» басылымы Сергей Федотов Ресей билігі «Украинаға қару жеткізді» деп айыптаған Емельян Гебревті улауға қатысқан дейді.
Былтыр 4 наурызда Ресей Федерациясы Барлау қызметінің бұрынғы қызметкері Сергей Скрипаль мен қызы Юлия Скрипаль «Новичок» жүйке-сал ауруын тудырушы заттегі арқылы уланған болатын. Аса қауіпті химиялық қарудың Ресейде жасалынғаны анықталып, АҚШ пен Ұлыбритания бұл істе тікелей Ресейді айыптады. Аталған оқиғадан соң 30 маусымда Ұлыбританияның Эймсбери қаласындағы үйде ерлі-зайыпты Чарли Роули мен Дон Стерджесс те дәл осы заттекпен уланғаны белгілі болды.
Айта кетейік, Лондон Скрипальге шабуылды Кремль жасады деп есептейді, өйткені оларға қолданылған «Новичок» уы КСРО-да жасалған. Бірақ, Мәскеу бұл айыптауды жоққа шығарып отыр.