«Қазақ-Герман-Американдық библия мисcиясы» қоғамдық бірлестігі Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданы Қырбалтабай ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы мектептің жанындағы интернатпен демеушілікті сылтау етіп, ерекше байланыс орнатқан. Осы мәселе төңіреінде бүгін Алматы қаласында баспасөз-конференциясы өтті.

Қоғамдық қор биыл христиандық-протестанттық діни ағым саналатын баптистердің орыс тіліндегі «Библия» кітабы мен өзге діни материалдарын балаларға сыйлық ретінде таратқан. Ал былтыр олар мұндағы 120 балаға оның қазақ тіліндегі нұсқасын  берген көрінеді. Алайда облыстық, аудандық әкімдіктер мен оның білім бөлімінің басшылары бұл жағдайдан осы уақытқа дейін хабарсыз болып келгені енді ғана мәлім болып отыр.

Бір қызығы, әлеуметтік желі арқылы жеткен хабарға бірден көңіл бөліп, өздерінің кінәсіз екендіктерін көрсетпек болған «Қазақ-Герман-Американдық библия мисcиясы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері оқиғаның мән-жайын өздерінше жеткізбек болды. 1997 жылдан бері аталған интернатқа қол ұшын беріп, балаларға түрлі сыйлықтар таратудан басқа, ғимаратқа да демеушілік жасаған. Кітап таратылуының заңсыз екендігін алға тартып, мұндай шаруамен айналыспағандарын айтып сендірмек болды.

Бірақ, осы мәселені көтеріп, ұйтқы болып отырған қоғам белсендісі Гөзел Құлжабаева екінші тарапымен келіспей отыр. Себебі, Қырбалтабайдағы мектеп интернатының балалары бұл кітаптарды соңғы екі жылдың өзінде сыйлыққа алып отырғандықтарын ашық айтқан. Сол секілді, түрлі діни шаралардың да өткендігін жасырмаған.

Бұдан бөлек, ұзақ жылдан бері жалғасып келе жатқан жағдайды ашып айтуға ата-аналардың жүрегі дауаламаған екен. «Аш пәледен қаш пәле» дегендей, ұл-қыздарының білім ордасынан шығып қалуынан секем алған тұрғындар, осы күнге дейін не әкімшілікке немесе құзырлы орындарға тіс жармапты.

Баспасөз-конференциясына журналистерден бөлек, білім бөлімінің, діни өкілдіктің мамандарын шақырылған. Алайда, төбе көрсетуден қашқақтады ма белгісіз, әйтеуір  жиынға келмеді.

Барлық қойылған сұрақтарға жауап беруге тырысқан Гөзел Құлжабаева: «Қырбалтабайдағы бұл интернатпен 1997 жылдан бері қарым-қатынас орнатқан бұл «жомарт» жандардың республиканы былай қойғанда облыс пен аудандардағы өзге білім беру ұйымдарымен де байланыс орнатуы әбден мүмкін. Ендеше оларда да мұндай жағдайдың орын алмағанына ешкім де кепілдік бере алмайды. Сол себепті бұл мәселеге бүкіл жұртшылық болып үн қосып, діни ағымдардың жас ұрпақтың санасын улауына тосқауыл қоюмыз қажет. Мәселен, бір ғана Еңбекшіқазақ ауданындағы мемлекеттік 85 мектептегі оқушылар контингетінің саны – 47 462.  Оның төртеуі бастауыш, 8-і негізгі, 73-і орта мектеп. Олардың 33-і қазақ, 47-сі аралас мектеп» деп, бұл істі соңына дейін жеткізуге шақырды.

Тұрмысы нашар жандардың балаларына қол ұшын бермек болған қоғамдық бірлестіктің түпкі мақсаты қандай екендігі әзірге белісіз. Алайда, мұсылман дінін ұстанатын мектеп интернатының оқушыларына «Библия» кітабын тарату,  жақсылықтың нышаны емес екендігі белгілі. Енді істің ары қарай қалай аяқталатынын уақыт көрсетер...

"The Qazaq Times"