Жексенбі күні Катар астанасында АҚШ-тың бас хатшысы Майк Помпео мен Катардың Сыртқы істер министрі Мұхаммед бен Абдурраз әл Тани америкалық әуе базаларын көбейту туралы келісімге қол қойды.

«АҚШ пен Катар арасындағы байланыстың іргетасы нықтап қаланып келеді. Біздің мемлекеттер стратегиялық қатынасқа сапалы қадам жасады», деп мәлімдеген Катар Сыртқы істер министрі мұның оң бастама екендігін алға тартып отыр.

Қазіргі таңда АҚШ-тың Катардағы әскери күштер базасы Сүрия, Ирак және Ауғанстан ішінде жүрген 10 мыңға жуық америкалық сарбаздарды барлау және орталық басқару орыны болып табылады.

Бұдан біраз уақыт бұрын Катар билігі әл-Удейдті АҚШ-тың тұрақты әскери базасы ретінде тізіме енгізуді жоспарлап отырғандығын мәлімдеген болатын.

Естеріңізге сала кетейік, АҚШ әскерилері көптеп шоғырланған аймақтардың барлығы сұрапыл соғыс пен экономикалық дағдарысқа ұшырап жатқандығы белгілі. Бұл сөзімізге ұзақ уақыттан бері тыныштықты аңсаған Ауғанстан мен Ирак елдерінің жағдайы дәлел. Сонымен қатар, 2012 жылдан бастап АҚШ әскері кірген Сүрия мемлекеті де сүреңсіз жағдайларға тап болды. Енді, экономикасы дамып келе жатқан Катар мемлекетіне байланысты АҚШ-тың жоспары қандай екендігі әзірге белгісіз. Алайда, қару-жарақ саудасымен айналысып келе жатқан Америкалықтардың бұл орында да бүлік шығармауына ешкім кепілдік бермейді.

"The Qazaq Times"