Қарашаның соңғы күні Аргентинаның орталық қаласында басталған G20 саммиті өз мәресіне жетті. Әлемнің алдынғы қатарлы экономикасына ие елдердің лидерлері бас қосқан жиынның ортақ декларациясы жария болды. Декларация әлем экономикасы, қауіпсіздігі мен тұрақтылығына тікелей қатысы бар деген мәселелерді тақырып етті. Ең бір басымдық еткен мәселе, тағы да сол халықаралық қауіпсіздік пен сауда-экономикалық ережелерді сақтау мәселесі болды.

Сондай-ақ, жиын барысында бірқатар елдердің басшылары жекелеген кездесулер өткізіп, түйткілді мәселелердің түйінін шешуге тырысты. Солардың қатарында, АҚШ пен Қытай басшыларының, Франция президенті және Британия премьерінің Сауд Арабиясының ханзадасымен өткізген диалогы, сондай-ақ, Ресей президенті мен Германия канцлерінің кездесуі ел назарын көбірек аударды.

 

АҚШ президенті мен Қытай төрағасының келіссөзі:

Келіссөз осыған дейін де әлем елдерінің назарында болып келген. Бұл көптен жалғасқан және әлем экономикасына кері әсерін тигізеді деп қауіптенген сауда соғысының тағдырын шешуі мүмкін деп күтілген. Тараптар сауда соғысының «уақытша бітімін» жасасты деуге болады. Аргентина үстелінде айтылған уәдеге сай АҚШ-Қытай арасында келіссөздер өткізіліп, алдағы 90 күн ішінде істі бір жағына шығаруы тиіс болды. Тараптар пікір бірлігіне келіп жатса, сауда соғысының бұлты сейілмек. Айталық, 2019 жылдың алғашқы күнінен бастап қосымша кедендік салық алынып тасталмақ. Ал, келіссөздер кері бағытта дамып, Уашингтон мен Бейжің бір-бірін түсінбей жатса Ақ үйдің 10 пайыздық қосымша кеден салығы бірден 25 пайызға көтерілмек. Кездесуде бұдан өзге де маңызды мәселелер туралы келісімге қол жеткізді. «Трамп-Ши келіссөзі» туралы арнайы тоқталған едік.

 

Макрон мен Мэй Сауд Арабиясының ханзадасына бірдей талап қойды

Франция президенті мен Сауд Арабиясының тақ мұрагері арасындағы кездесуде журналист Хашоггидің ісі және Йемен мәселесі сөз болды. Президент Макрон ханзада бин Салманнан Хашогги ісін тергеуге халықаралық мамандар тобын қосуды талап етті. Сондай-ақ, Йемен дағдарысын тақырып еткен саяси процесті жедел бастау керектігін ортаға салды. Екеуара кездесуден кейін Франция тарабы жария еткен ресми мәлімдемеде, журналист Хашогги ісіне байланысты еуропалық лидерлердің пікірі бір жерден шығатыны ескерту ретінде айтылды. Бұл дегеніміз, Сауд Арабиясы өз елшілігінде өлтірілген журналистің ісіне байланысты толық жауап бермейінше, адам құқығы мен сөз бостандығын алға тартқан Батыс елдерінің кері қайтпайтынын аңғартты.

Жамал Хашогги тақырыбы Сауд ханзадасы мен Британия бас уәзірі арасындағы кездесуде де айтылды. Британияның премьер-министрі Тереза Мэй Хашогги ісін тергеуді қузастырды және бұл ретте Түркия билігімен ынтымақтастық орнату керек екенін де ескертті.

“The Qazaq Times”