Британия ЕО-ның Ресейге қарсы жаңа санкцияларының қатарына химиялық қаруды жасауға және қолдануға қатысы бар адамдар мен «Путиннің шпиондық әрекеттеріне» қарсы қаулыларды енгізуді талап етті. Бұл туралы «Times» мәлімдеді.
Бұл шараны Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлияның Британдық Солсбериде улануына жауап ретінде енгізу ұсынылды. Сондай-ақ, қатаң қаулыларда «Владимир Путиннің әскери, шпиондық әрекетін» қарастырып, санкцияларды жаңартып отыру керектігі айтылған. Қазірше қаулылардың қара тізімінде алты адам қарсы шараларжазылған. Енді Ұлыбритания ЕО-ға мүше елдердің қолдауына ие болса, санкциялардың жаңа пакеті өз күшіне енеді. Британияның бұл талабына Германия мен Франция қолдау білдірді. Енді Лондон басқа елдердің Сыртқы істер министрлерімен келіссөздер жүргізуде.
Халықаралық істер жөніндегі парламенттік комитеттің мүшесі, консерватор Роберт Силидің айтуынша, бұл жолы санкциялар «ресейлік шпионаждың көзін құртуы тиіс». Ол өз сөзінде: «Бұйрықты орындағандарды ғана емес, тікелей бұйрық берген басшыларды да қатаң тергеуге алу керек. Егер біз жай ғана төменгі деңгейдегілерді, яғни тапсырманы орындаушыларды кінәлай беретін болсақ, негізгі оппонент жазадан құтылып кетеді. Сол үшін жоғары биліктегілерді де ескеруіміз қажет. Бұл жолғы санкция авторитарлық режимдегідерге қатты әсер етуі тиіс», – деді. Роберт Сили сұхбатында Ресейлік шпионаж бен Путиннің әрекетін сынға алған. Осыған дейін «Bellingcat» зерттеу орталығы экс-тыңшы Скрипальді улады деген күдіктілер Анатолий Чепигу мен Александр Мишкинді «талай қылмыстық істің артында тұр» деген. Алайда британдық үкімет әлі күнге дейін бұл мәлімдемені факт ретінде қабылдаған жоқ. Себебі, аталған екі күдіктіден өзге де кінәлілердің табылатына сенімді.
2014 жылы АҚШ пен ЕО Ресей Қырымды аннексиялағаны үшін ГРУ басшысы Игорь Сергунға қарсы санкцияларды енгізген болатын. Сол кезде Еуроодақ «Украинаның шығысындағы әскери қақтығыстарды ұйымдастырған» ГРУ офицері Игорь Стрельниковқа қатысты санкцияларды қолданды. Ал 2016 жылы АҚШ осы сипаттағы санкцияларды Ресейге қарсы енгізген. Тізімде «АҚШ-тағы президенттік сайлауға араласу арқылы демократияны бұзуға әрекет еткен» ГРУ басшысы Игорь Коробовтың есімі аталды. Санкцияға іліккен ресейліктердің толық тізімі желтоқсанда белгілі болады. Тізімдегілердің барлық шетелдік активтері бұғатталады және оларға Еуропалық Одақ аумағына кіруге қатаң тыйым салынады.
Айта кетейік, осыған дейін ресми АҚШ Ресейге санкциялардың екінші пакетін енгізетінін айтқан болатын. Кезекті санкциялар Ресейге қатысты қатаң шектеулер енгізуді көздейді. Бұдан былай АҚШ пен Ресей үкіметі арасында дипломатиялық қарым-қатынас шектеледі. Сондай-ақ Ресей үкіметіне азық-түлік сатып алудан басқа жағдайда АҚШ банктерінің кредит беруіне қатаң тыйым салынады.Бұдан бөлек, АҚШ пен Ресей Үкіметі арасындағы дипломатиялық қатынастарды шектеу, Уашингтонның «қара» тізіміндегі адамдар арасындағы кез келген келісім-шарттар мен мәмілелерді жүзеге асырмау және химиялық қаруды қолдаған және таратқан адамдарға қарсы дербес санкциялар енгізуді көздейді.