Кеше, 2 қараша күні Алматы қаласындағы ұлт қаһарманы, ұлт азаттық көтерілісінің батыры, Алтайдан Анадолыға дейінгі қазақ көшінің алғашқы бастаушысы Елісхан Әліпұлының дүниеге келгеніне 110 жылдық мерей тойы жоғары деңгейде аталып өтті. Дүбірлі шараны Ш.Уалиханов  атындағы Тарих және этнология институты мен «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қоры бас болып ұйымдастырған.

Ұлтының азаттығы үшін шаһиттік ғұмыр кешкен батыр Елісхан Әліпұлы халқымыздың басына зұлмат заман орнаған 1930-1940 жылдардағы қан кешкен дәуірдің құрбаны. Батырға арналған мерей той Ғылым ордасында «Азаттық аңсаған қазақ көші және ел бастаған Елісхан атты» халықаралық ғылыми практикалық конференциядан бастау алды. Халықаралық конференцияға Түркия, Германия, Швеция, Қытай, Моңғолия және еліміздің тарихшы, этнограф ғалымдары, зиялы қауым мен БАҚ өкілдері қатысты.

Ш. Уалиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов бастап ашқан ғылыми практикалық жиында Мемлекеттік тарих институтының директоры Аяған Бүркітбай, Қазақстан жазушылар одағы басқармасының орынбасары, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Серік Негимов, Ш. Уалиханов атындағы Тарих және этнография институтының бас ғылыми қызметкері, Ахмет Тоқтабай, сондай-ақ, ақын Бақытбек Бәмішұлы, Моңғолия мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер, жазушы Шынайы Рахмет, Түркиядан Ибраһим Мұтлы, Шабан Серкан Динчтүрк, Мүбарак Сәдейұлы Шалышхан қатарлылар батырдың өмірі мен өнегесі туралы ершімді сөзді ортаға салды.

"Ел бастаған Елісхан" кітабының тұсау кесері өтті. Фото: QT.

Батыр Елісханның өмірі мен Бұланай (Гималай) асқан көш туралы «Қаралы көш» атты көлемді еңбектің авторы, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы, Еуразия Жазушылар одағының мүшесі Жәди Шәкенұлы батырдың өмірі туралы «Ел бастаған Елісхан» атты баяндама жасап, батырдың күрес жолы туралы, көшкен елдің Гималай, Кашмир, Үндістан мен Пәкістан жеріндегі басынан кешкендері туралы баян етті.

Түркияның Анкара қаласындағы Әлеуметтік ғылымдар университеті Саяси ғылымдар факультетінің докторы Мариям Хакім «XX ғасырдағы қазақ көші және оның саяси-әлеуметтік себептері мен ұлттық-халықаралық әсерлері» атты құнды баяндама жасады. Сондай-ақ, Шынжаңдағы қазақтардың ұлт азаттық күресі мен Алтайдан Анадолыға дейінгі көштің, олардың бастан кешкендері мен сол кездегі әлемдік процеске болған әсерлері туралы бір ғана бұрынғы Кеңес одағының, Қытайдың архивтерінде ғана емес, Үндістан мен Пәкістанның және сол тұста осы екі елді билеп тұрған Ұлыбританияның, АҚШ пен Түркияның архивтерінде құнды деректердің жатқандығын ескертіп, алдағы уақытта осы деректерді ашып зерттеу керек екенін айтты. Айталық, 1949 жылы ақпанда «The New York Times» (Нью-Йорк Таймс) басылымында Шынжаң қазақтарының ұлт азаттық көтерілісінің басшысы Оспан батыр туралы көлемді мақаланың жарияланғанын алға тартты.

Анкара әлеуметтік ғылымдар университетінің Саяси ғылымдар факультеті Халықаралық қатынастар бөлімінің докторы Мариям Хакім. Фото: QT,

Ш. Уалиханов атындағы институттың ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Айжамал Құдайбергенова конференцияда «Қазақ ғылымының көкжиегін кеңейткен қандастар» атты баяндама жасады. Ол баяндамасында өткен ғасырда және тәуелсіздіктен кейін қазақ еліне келген қандастар және олардың ұрпақтары бүгінде еліміздегі қазақтардың 2,5 миллионнан астамын иелейтінін алға тарта отырып, шеттен оралған ағайынның қазақ ғылымның көкжиегін анағұрлым кеңейте түскенін айтып өтті.

Конференцияда жазушы Жәди Шәкенұлы мен Шалқар Әбділұлы құрастырып, "Ер Жәнібек" халықаралық қоғамдық қоры жағынан шығарылған «Ел бастаған Елісхан» атты деректі зерттеулер жинағының тұсауы кесіліп, оқырмандарға ұсынылды. Сондай-ақ, зиялы қауым өкілдері, БАҚ өкілдері, және Елісхан бастаған көштің Анадолыға аман жеткен бүгінгі ұрпақтары мен Қазақстанның жер-жеріндегі батырдың ру-жұрағаты да дабыралы жиынның соңына дейін отырып, азаттық аңсаған қазақ көшінің желісіндегі сыр-әңгімеге қанықты.

Конференциядан кейін «KHAMA PARK» мейрамханасында батырдың аруағына арналып құрат-хатым түсіріліп, атына арнап ас берілді. Аталған асқа аты жеткен ағайын батырға арналған астан ауыз тиіп, бата-тілекке қол жайды. Батырдың ұрпақтары Елісхан ғұмыры туралы еңбек жазып, ел-жұртқа батырдың даңқын жайған жазушы Жәди Шәкеннің иығына шапан жауап, астына ақ тұлпар мінгізіп, ризашылығын білдірді.

Мерей той қонақтар. Фото: QT.

Осылайша азат ұрпағы мен тәуелсіз қазақ жұртының арқасында, азаттығы үшін етігімен қан кешкен, 22 жасында ел бастап, 26 жасында жауға тиіп көш бастаған, Баркөлден Бұланайға, Бұланайдан Памирге 9 жыл заман селін кешіп, 35 жасында опат болған батыр Елісханға арналған мерейтой аса дабыралы түрде, халықаралық деңгейде аталып өтілді.

“The Qazaq Times”