Америка ирандық 20 компания мен банкке санкция енгізді.

Биыл мамырда Уашингтон мен Теһран байланысы нашарлап кеткен. Сол уақытта Құрама Штаттарының көшбасшысы Дональд Трамп Иранмен жасалған ядролық келісімнен шығатынын мәлімдеді. Келісімге сәйкес, Теһранға қарсы санкциялар күшін жойып, Иранның ядролық бағдарламасы тоқтатылды.

Осыған дейін Еуроодақ АҚШ санкцияларына қарсы жоспар дайындап, Иранды қолдайтынын мәлімдеген болатын. Израиль тарапы Барак Обама билігінің тұсында жасалған көпжақты келісім ирандықтардың ядролық қару жасауға құпия түрде қаржы жинауына мүмкіндік тудырады деп есептейді. Бірақ Теһран бұл оймен келіспейді.

АҚШ Қаржы министрлігінің хабарлауынша, санкцияға іліккен компаниялар енді америкалық жеке және заңды тұлғалармен келісімшарт жасай алмайды. Сондай-ақ АҚШ-тағы ирандық компаниялардың активтері бұғатталатын болады. Қатаң қаулы Иранға элиталық әскери-саяси құрылым кіретін жасаққа қаржылай көмек көрсеткені үшін және Сүрияда сарбаз ретінде балаларды пайдаланғаны үшін енгізілген.

"The Qazaq Times"