Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі "аса ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырды" деген күдікке ілінді. Жергілікті агенттіктердің хабарлауынша, бұл туралы 16 қазанда Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарова мәлімдеді.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Қазақстанның Өзбекстандағы елшісінің аса ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырғанын әшкереледі. Ол жауапты мемлекеттік қызмет атқарып тұрып, Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі ғимаратын салу бойынша атқарылған жұмыстар туралы жалған актілерге біле тұра қол қойған" деді Бастарова.
Тергеу елшінің заңсыз іс-әрекетінен мемлекетке 140 миллион теңгеден астам шығын келді деп бағалап отыр.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров елшіге қатысты тергеу жұмыстары министрліктің бұрынғы жауапты хатшысы Анарбек Қарашевке қатысты іс аясында жүргізіліп жатқанын айтты.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет маусымның 13-інде Сыртқы істер министрлігінің бұрынғы жауапты хатшысы Анарбек Қарашевті "ірі көлемде пара алды" деген күдікпен қамауға алынғанын хабарлаған.
Агенттік өкілі елшінің ұсталғаны, я басқа да тергеу шаралары туралы айтпады.