Былтыр АҚШ Қытайдан құны 500 млрд долларлық көлеміндегі тауарды импорт еткен. Бұл қытайлық өнімдер АҚШ базарлары мен қатар әскери қару-жарақ, қорғаныс салаларына да енген.
Reuters агенттігінің хабарлауына қарағанда, Пентагон Ақ үйдің тапсыруымен, АҚШ қорғаныс саласының шетелдік өнімдерге, соның ішінде Қытайда өндірілген әсери өнімдерге деген тәуелділік деңгейін анықтауға кіріскен.
Өзінің аты-жөні мен лауазымын білдіргісі келмеген АҚШ-тың ресми тұлғаларының бір берген мәліметке қарағанда, АҚШ қорғаныс саласында шетелдік микро-электрондық бөлшектерді жасанды жер серіктері мен баллистикалық зымырандарға, сондай-ақ ұшқышсыз ұшу құрылғыларына пайдаланып келген.
Пентагон бұны қорғаныс саласының тәуелсіздігіне қауіп төндіреді деп бағалаған. Сондай-ақ, АҚШ Қорғаныс министрлігі қытайлық қорғаныс құрылғыларының сенімділігіне күмән артады. Әсіресе, АҚШ-Қытай қатынасы барған сайын шиеленісе түскен кезде, қытайлық қорғаныс құрылғыларына деген сенімі төмендей түсті.
АҚШ Конгресінің былтыр желтоқсанда жариялаған құжатында айтылуынша, АҚШ-тың қорғаныс саласына пайдаланатын 23 түрлі сирек кездесетін металлдың 20-сы Қытай және өзге де бірнеше елден импорт етіледі. Бұл да Конгрестің күшті алаңдаушылығын туғызған болатын.
Уашингтон мен Бейжің екі ел арасындағы сауда қақтығысы өршіп тұрған тұста, бір-біріне деген тәуелділіктен барынша арылуға тырысуда. Оңтүстік Қытай теңізі және Тынық мұхиттағы әскери ықпалға деген бақталастық екі елді қару-жарақ бәсекесіне де бастап кетуі ықтимал. Бұл тұста Құрама Штат қорғаныс құралдары, әскери техникаларда Қытайға болған қандай да бір тәуелділікке бей-жай қарай алмайтыны анық.