Ирак-Күрдістан Демократиялық Партиясы (ИКДП) мәлімдеме жасап, Иран армиясы Ирактың солтүстігіне зеңбірек шабуылын жасағанын хабарлады. Мәліметке қарағанда Иран армиясының артиллерия күштері Ирактың солтүстігіндегі Сакар мен Бербезин тауларына орналасқан ИКДП-ның лагерлерін зеңбірекпен атқылаған. Бұл туралы IRNA ақпараттық агенттігі хабар таратқан болатын.
Ирак Күрд аймақтық әкімшілігінің хабарында, Иран күштерінің артиллериялық шабуылы Эрбильге қарасты Сидекан ауданына бағытталған. Дегенмен, қаза болғандар мен өзге де шығындар туралы мәлімет бермеді.
Теһран (Тегеран) билігі ИКДП топтарын террорлық ұйым деп қарайды. Иран армиясы 8 қыркүйекте де Эрбильдегі Күрд күштеріне шабуыл жасап, ұрыста бірқатар лауазымды тұлғалармен қоса 16 адам қаза тапқан болатын. Сол реткі шабуылда 40-тан астам адам зардап шеккен.