Биыл Ата заңымыздың қабылданғанына – 23 жыл. Қазақстан Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған болатын.
Осы аралықта Конституциямызға бірнеше рет өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Тәуелсіздіктің төлқұжаты саналған Конституция 1995 жылы демократиялық, зайырлы мемлекеттің заңы болып қабылданды. 1995 жылы 30 тамызда елдің жаңа Конституциясын қабылдау жөнінде бүкілхалықтық референдум өтіп, оған сайлаушылардың 90,58 пайызы қатысты. Қатысушылардың 89,14 пайызы жаңа Конституцияның қабылдануын қолдады. 2017 жылы президент Н.Назарбаев Конституцияға бірқатар өзгерістер енгізді. Мемлекет өз тәуелсіздігін жариялағалы бері Ата заң төрт рет өзгерді. Сол уақыттан бері Ата заң халық пен мемлекет арасындағы коммуникативтік күшке айналды.
Бүінгі таңда Қазақстанның Ата заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі болып саналады. Айтулы мерекеге орай ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Конституция күнімен құттықтады. Өз сөзінде ол: «Ата заңымызда жарияланған заң үстемдігі, құқықтар мен бостандықтардың мүлтіксіз сақталу қағидаттары, әлеуметтік кепілдіктер мен жалпы адамзатқа ортақ жоғары құндылықтар әрбір азаматтың жанына жақын әрі түсінікті. Қазіргі кезеңдегі қоғамдық және мемлекеттік құрылыстың конституциялық нормалары – бүкіл Қазақстан халқы үшін сенімді болашақты қамтамасыз ететін дәйекті даму мен жаңғыру үдерістерінің негізі», – деді.
Ата заң – мемлекеттің тірегі, тәуелсіздіктің реңі. Заңы үстем елдің заманы қашан да тыныш болмақ.