Жапонияның бас уәзірі (премьер-министрі) Шинзо Абе (Синдзо Абэ) жексенбі күні мәлімдеме жасап, алдағы айда билеуші Либерал-демократиялық партиясының партия жетекшісі сайлауына қатысатынын мәлімдеді. Сонымен бірге, қыркүйектегі сайлауда Шинзо Абе жеңіске жетіп, жалғасты партия жетекшісі және бас уәзір болып билік ұстайды деп күтілуде.
Абе Жапонияның оңтүстік-батысындағы аралдарға барғанда жасаған мәлімдемесінде: «Мен Либерал-Демократиялық партияның жетекшісі және елдің премьер-министрлігін жалғасты атқаруға шешім қабылдадым. Алдағы үш жылда жалғасты Жапония үкіметіне жетекшілік ететін болам», – деген.
Шинзо Абе 2012 жылы бас уәзірлікке қайта оралған болатын. Ол биліктегі жылдарында «Abenomics» саясатын тұрақты көтеру және ұлттық қорғанысты нығайту қатарлы саясаттарды берік ұстанумен ерекшеленді. Ол және Жапонияның қорғаныс күштерінің мәртебесін айқындау үшін Конституцияның 9-шы бабына өзгерістер енгізген.
Абенің бұл қадамдары Қытай билігін алаңдатты. Бейжің тарабы Абенің конституциялық өзгерістері Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі бейбітшілік Конституциясына өзгеріс енгізуі және Жапон армиясының мәртебесін көтеру, өз кезегінде бұл Қытай мен аймақтың қауіпсіздігіне қатер төндіреді деп алаңдайды. Оның үстіне қытайлық БАҚ Абенің басқан-тұрғанын аңдып, сынап-мінеуге әдеттеніп қалған. Бір сөзбен айтқанда Қытай қоғамында Абе саясатына қарсылық Жапонияға тарихи көзқарастың жаңа замандағы көрінісі болып қалыптасып қалды.
Шинзо Абе үкіметі бұл айыпты жоққа шығарады және Жапония қауіпсіздікті қорғау күштерінің нашарлауына байланысты ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қарулы күштерді дамыту қажет екенін алға тартады.
Жапонның бас уәзірі Қытаймен арадағы қарым-қатынасты жақсарту үшін бірнеше рет талпыныс жасаған. Алда, қазан айында осы мақсатта Бейжіңге сапарлай баруды да жоспарлап отыр. Дегенмен, Шинзо Абе өзінің Қытай сапарынан бұрын партия жетекшісінің сайлауында жеңіп, Жапония үкіметінің тізгінін қолына алуы керек.
Жапондардың Абені қолдау көрсеткіші тым жоғары емес. Солай да, өзге оппозициялық партиялардан көш ілгері. Көптеген сарапшылар Абенің билікті өз қолына алу ықтималдығы жоғары деп қарайды.