Алматы облысының Ақсу ауданында коммуналдық қызмет Отан соғысының ардагерін сотқа беріп, зейнетақысының жартысын қиып алған. Елі мен жері, болашақ ұрпағы үшін майданда ерлік көрсеткен соғыс ардагері Ермұхан Рысбеков зейнетақысынан қиылған 45 мың теңгеге бола емес, қадірінің қалмағанына қынжылып отыр, деп жазды stan.kz сайты 31 арнаға сілтеме жасап.

Ал, атасын 16 жыл бойы өзі қарап отырған Данагүл коммуналдық қызметтегілердің әрекетін ақшаны алғаннан кейін бірақ білдік дейді. Осыған дейін коммуналдық қызметке қарыз болып көрмеген қарияның отбасы бұл жайтқа аудан әкімін кінәлап отыр.

94 жастағы соғыс ардагерін 16 жыл бойы қарап келген немересі Данагүлдің сөзінше,  Ақсу ауданының әкімі Әділбек Далғабаев биылғы жылы жылудың ақшасын өзі төлеуге уәде берген екен.

«Өзіміздің Ақсу ауданының әкімі Әділбек Далғабаев келіп, біздің жағдайымызға қарап, екі жылытқыш әкеп берді. Енді  жылытқыш қосыңыздар, мен жарықтың да жылудың да ақшасын өз қалтамнан төлеп беремін деді. Білдей бір ауданымыздың әкімі болған соң сол кісінің сөзіне сеніп қалдық»,-дейді соғыс ардагерінің немересі Данагүл Ермұханова.

Дегенмен,  аудан әкімі бұл сөзін жоққа шығаруда. Ол жылудың ақшасын төлеймін деп уәде берген жоқпын деп, сөзінен тайды.

«Жылуды төлеп беремін деп уәде берген жоқпын. Кеткен электр энергия жүйесін жылытқыштар тұрғаннан біз төлеп береміз деп уәде бергенбіз. Оны түгел төлеп бердік, құжаттары қолымда. Ылғи үлкен ақсақалды алдына салып, сол кісінің атын жамылып, өзі жұмыс жасамайды», – дейді Ақсу ауданының әкімі Әділбек Далғабаев.

Ал, алданған 94 жастағы қария өзін сотқа бергендер жайлы сөз қозғамады. Дегенмен, соғыс ардагері осыдан 5 жыл бұрын  берілген пәтерді  де әлі өз атына жаздыра алмай отырмын деп, налиды.

«Соның құжатын бермей отыр. Ол қалай екенін білмеймін. Үйдің құжатын әлі бермеді, не үшін бермей отыр түсінбеймін»,-дейді ҰОС ардагері Ермұхан Рысбеков.

Осыдан бес жыл бұрын ардагерге берілген көпқабатты үйде бірде бір балкон жоқ көрінеді. Ал, тұрғындар үйдің қабырғалары тым жұқа салынғандықтан үй қыста аңырап, пана болмайды деп шағымдануда.

Арамыздан қатары сиреп қалған ардагерлердің соңғыларының бірі осы Ермұхан атамыз. Отан деп отқа түскен ақсақалдың ендігі қалған аз ғана өмірінде тартан бейнетінің зейнетін көруге аудандағы атқа мінерлердің ат салысып жібермегені кісіні қынжылтады. Аудан әкімі Далғабаев мырза ақсақалды далаға қалдырмас, қалай болса да қарияның көңілін табар оң шешім жасар деген сенімдеміз.

“The Qazaq Times”