Қазақ мүддесі мен мемлекеттік тұтастығына қауіпті сөз бен әрекеттерге батыл үн қататын депутаттың бірі – Мәулен Әшімбаев. Мәулен Сағатұлы Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетін басқарады. Бұл депутаттың қызметтік тұрғыдағы міндеті екені де анық, алайда оның азаматтық позициясы да осы десек қателеспейміз.
Мәселе қайдан шықты? Биылғы 26 қаңтарда Ресей Мемлекеттік думасының ТМД істері жөніндегі комитетінің мүшесі Павел Шперов Мемлекеттік думадағы дөңгелек үстел, Қазақстандағы орыстарды қорғаймын және Қазақстан территориясын Ресей жеріне қосамын деген сыңайда пікір бідірген болатын. Осыған байланысты, Қазақстан Сыртқы істер министрлігі де ресейлік тарапқа өз позициясын білдірген.
Бұл туралы кеше Парламент Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаев та ҚР, Парламенті атынан өзінің нық ұстанымын білдірді. Ол Қазақстан мен Ресей достық қарым-қатынас және мемлекеттік шекара келісімі негізінде байланыс орнатқан жақын көрші елдер екенін айтты. Екі елдің түрлі ұйымдар төңірегінде тығыз әріптестік орнатып отырғанын, мемлекет басшыларының да бір-бірін қолдау, түсінісу бағытында жұмыс істеп келе жатқанын білдірді.
«Бұл парламенттік және үкіметтік деңгейдегі қарым-қатынастарға да байланысты. Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, Ресей Мемлекеттік Думасының төрағасы В.Воландинның бірінші рет Қазақстанға ресми сапармен келуі де екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі қатынасқа жоғары мазмұн береді. Сондықтан, Қазақстанның территориялық тұтастығы туралы Мемлекеттік Дума депутаты Шперовтың айтқаны ақылға сиымсыз дүние. Оның бұл пікірі екі елдің тату көршілік, достық байланысына, әріптестікке құрылған Қазақстан-Ресей қатынасына еш сай келмейді» деді М.Әшімбаев.
Ары қарай, ол Қазақстанның тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығы еш өзгермейтін құндылық екенін, біздің шекарамыздың халықаралық келісімдерге сай бекітіліп, тұрақталғанын айтты. Мемлекеттік тұтастығымызға ешкімнің күмән келтіруіне жол берілмейді деді. Соған орай, Ресей Мемлекеттік Думасының депутаттары бұдан кейін Қазақстанның тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығы турасындағы сөздеріне абай болуын, екі ел арасындағы берік достық пен ынтымақтастық принсиптерінен аттап кетпеуін ескертті.
Бұл – Мәулен Әшімбаевтың Ресей депутаттарына қаратқан бірінші пікірі емес, ол кезінде Ресей Парламент өкілдерінің Қазақстанмен ортақ парламент құру, шекараны ортақ қорғау секілді жымысқы ойларына да батыл позиция білдірген азамат.
Ақтамберді Аспан
“The Qazaq Times”