АҚШ президенті Дональд Трамптың кезекті мәлімдемесінде, АҚШ Сауда министрлігіне бұйрық түсіріп, құны 200 млрд АҚШ долларына тең импорт етілген Қытай өнімдеріне 10 пайыз кеден салығы қосуды тапсырғанын айтты. Бұл туралы VOA ақпараты хабарлайды.

Президент Трамптың айтуынша, бұл процесс аяқталғаннан кейін, Қытай тарабы тағыда өзінің дағдылы сауда саясатын жалғастырса және Бейжің билігі мәлімдегендей АҚШ өнімдеріне қысымды жолға қоятын болса, онда жарияланған тарифтер өз күшіне енеді.

Президент Трамп өткен аптада 50 млрд АҚШ доллары көлеміндегі Қытай тауарына жоғары кеден салығын енгізетінін мәлімдеген. Қытай үкіметі де осыған ұқсас шара қолданатынын айтқан. Ал, дүйсенбі күні Трамп Қытайдың қарсы шараларына байланысты мәлімдеме жасап, Бейжің тарабының АҚШ-тың зияткерлік меншік құқығын ұрлау мен әділетсіз сауда саясатын өзгертуге ниетті емес екенін айтты. Әрі, Қытай қарсыласуын қоймаса, 50 млрд АҚШ доллары көлеміндегі тауарды, 200 млрд доллар көлеміне дейін өсіретінін алға тартты.

Трамптың бұл мәлімдемесі дүйсенбі күні кеште жасалды. Ал, Бейжің тарабы сейсенбі күні тәңертең қарсы жауабын қайтарды. Қытай Сауда министрлігінің өкілі: «АҚШ тарабы қарқынын күшейтіп, 200 млрд АҚШ доллары көлеміндегі тауарға салық салатынын айтуда. Бұл өте қатал қысым мен шабуыл тараптар қол жеткізген консенсусты жоққа шығарды», – деді. Сонымен бірге: «Егер АҚШ тарабы райынан қайтпайтын болса, онда Қытай үкіметі де саны мен сапасы жағынан АҚШ-қа ұқсас шаралар қабылдайтын болады», – деді.

“The Qazaq Times”