АҚШ пен Солтүстік Корея дипломатиясының «климаты» тағы бұзылды. Солтүстік Кореяның СІМ басшысының орынбасары Чио Сон Ху АҚШ-қа қарсы мәлімдеме жасап, маусымдағы келіссөздің тағдыры Уашингтонның қолында тұрғанын, бұл мәселені келіссөзбен де, «ядролық қақтығыспен» де шешуге болады деген көзқарасын білдірді. Сонымен бірге, Солтүстік Кореяны Ливияға теңеген АҚШ вице президенті Майк Пенсті де сөзіне іле кетіп, оған «Саяси қуыршақ» деген ат қойды.

Солтүстік Кореяның бұлай «қатты кетуінің» де өзіндік орынды жақтары жоқ емес. Себебі, бірер күн бұрын АҚШ-тың вице-президенті Майк Пенс Fox News арнасына берген сұхбатында Солтүстік Кореяның өзекті құралынан бас тартуын кезіндегі Ливиядағы жағдайға ұқсатты. Тек Майк Пенс қана емес, Трамптың Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Жон Болтон да осыған ұқсас сөзді БАҚ өкілдеріне айтып еді.

Трамптың бұл екі лауазымдысы, Ливияның бұрынғы лидері Муаммар Каддафидің санкцияларды тоқтату үшін ядролық бағдарламасынан бас тартатынын білдіргенін, 8 жылдан кейін елдегі батысты жақтаушы көтерілісшілер тарабынан өлтірілгенін сөз етті. Тіпті, Жон Болтон сөзінде: «Солтүстік Кореяның ядролық қаруды жою ісі «Ливия сценарийымен» жүруі керек», – деді.

"VOA NEWS" хабарына қарағанда, бұл сөздер Солтүстік Кореяның шамына тиіп, АҚШ-пен арадағы кезекті «қайым айтысты» бастап кетті. АҚШ тарабы да алдағы келіссөздер үшін болса да жол бере салуға «намысы жібермей» тұрғандай. Майк Пенс бірер күн бұрынғы мәлімдемесінде: «Егер Солтүстік Корея ядролық қаруларын жоғалтпаса, Ливиядағы жағдай Солтүстік Кореяда да туылады», – деді. Бұған Ким Жоң Унның (Ким Чен Ын/Kim Jong Un) ең сенімді адамдарының бірі Чио Сон Ху: «Бұл мәселе ядролық қақтығыспен де шешіліп қалуы мүмкін», – деді.

Дегенмен, Yonhap агенттігінің хабарында, Солтүстік Корея өзінің ядролық полигонын жабуды бастап кеткен. Оған бірнеше елдің журналистері бақылаушы болып қатысты. Солтүстік Корея үкіметі жасаған мәлімдемеде, егер ауа-райының қолайсыздығы болмаса жұма күнге дейін ядролық сынақ алаңын толықтай қиратып тастамақ.

“The Qazaq Times”