Сауд-Арабиясында әйел құқығы үшін күресушілерді тұтқындау ісі жалғасуда. Рамазан айының басынан бері он адам қамауға алынды, деп хабарлайды liberation.fr ақпарат агенттігі.

Ұсталғандардың арасында саудиялық оппозиционерлердің құқықтарын қорғаушы адвокат Ибрагим әл-Мудайми мен әйелдердің құқығы үшін күресуші белсенділер — Луджайн әл-Хаслүл мен Әзиза әл-Юсуф бар. Бұлардың барлығы бұдан бұрын да осындай белсенділіктері үшін тұтқындалғандар. Халықаралық рахымшылық ұйымы (Amnesty International) өкілдерінің пайымдауларынша, осы тұтқындау шараларына үстіміздегі жылдың маусым айынан бастап әйелдердің автокөлік жүргізулеріне рұқсат етілуі себеп болған. Ал, саудиялық ресми ақпарат құралдары әйел құқықтары үшін күресушілерді «сатқын» деп атап, «олар діни қағидаларды аяқ асты етуде» деп мәлімдеді. Сонымен қатар, олар «шетелдік агенттіктердің тыңшылары» болып табылады әрі «сол қызметтері үшін шетелдік елшіліктерден ақша» алады деп санайтындарын жариялады. Биліктің бұл әрекеті әлеуметтік желілерде үлкен дау туғызуда. Мәселен, кейбір желі қолданушылары ханзада Мұхаммед бин Салман жүргізетін реформа саясаттарына қауіп төндіре ме деген мәселеде пікір таластыруда. Кейбір блогерлердің көбісі билікті қолдаса, кейбірі қамауға алынғандардың дереу босатылуын талап етуде.

“The Qazaq Times”