Бірнеше жылдан бері Өзбекстанның бұрынғы президентінің үлкен қызы Гүлнәр Каримованың тағдыры туралы ешқандай сенімді ақпараттың жоқ екені белгілі. "The New York Times" басылымында 5 сәуір күні жарық көрген "Өзбекстанның хабарсыз кеткен "бірінші қызы" — Гүлнәр қайда жүр?" атты мақалада оның әлі күнге дейін әкесінің мазарына да бармағаны жазылған. Оның үстіне, әкесінің жерлеу рәсімінде де, ол қайтыс болғаннан бері бүгінге дейін ұйымдастырылған 35 мың еске алу рәсімдерінің біреуінде де төбе көрсетпеген.
Аталған мақалада оның 2014 жылдан бері жұрт көзіне мүлдем көрінбегені айтылып: "Көпшілік Гүлнәр Каримованы қайтыс болды деп есептейді әрі бұл ақпаратты жоққа шығаратын ешқандай дәлел де жоқ" деп жазылған. Хьюман Райтс Вотч (Human Rights Watch) халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымының Орта Азия істері жөніндегі сарапшылары "The New York Times" басылымына мәлімдеме жасап, оларға Каримованың тіпті бұрынғы күйеуі Мансұр Максудидің де көмек сұрағанын айтқан. Өзбек-ауған текті америкалық пен 2002 жылы Каримованың арасында ажырасу ісі мен балаларына қатысты үлкен дау болған еді. Ақыры сол кезде құрығы ұзын Гүлнәр оны Өзбекстандағы "coca-cola"-мен байланысты бизнесінен айырған еді. Кейін оның Өзбекстанда тұратын 24 туысының бәрі қай елдің азаматтары болғандарына қарамастан Ауғанстанға жер аударылып, екі туысы түрмеге тоғытылған. Бірақ қазіргі уақытта Мансұр өзінің бұрынғы әйелінің тағдырына қатысты мән-жайды анықтағысы келетін көрінеді. Сонымен қатар әкесінің құрметіне Ислам есімі берілген оның ұлы да анасының сыртқы әлемнен оқшау ұстауда екенін айтып шағымданған. Исламның өзі Ұлыбританиядан саяси баспана сұраған.