Газаның Денсаулық сақтау министрлігі жариялаған мәліметте, Израильдың артиллериялық шабуылынан бір палестиналық жай бұқараның мерт болғаны мәлім болды. Осыдан кейін Хамас және өзге де палестиналық ұйымдардың ұйымдастыруымен жаппай халықтық ереуіл басталды. Хабарларға қарағанда демонстрация 6 аптаға дейін жалғаспақ. Бұл туралы BBC онлайн қызметі хабарлады.
Палестина жақтың мәліметіне сенсек, Газаның солтүстігінде егіншілікпен айналысып жүрген дихан Израиль қарулы күштерінің шабуылынан қаза тапқан. Ал, Израиль армиясының мәліметінде шекарада екі палестиналық азамат қауіпсіздік пен шекаралық тәртіпті бүлдіруге әрекет еткені айтылған.
Палестина мен Израиль арасындағы шиеленіс қайтадан ушыға түсуде. Соңғы кісі өлімінен кейін екі тарап кезектескен айыптауларын жолдауда. Бұған дейін палестиналық ұйымдар «Қайта оралу» деп аталатын демонстрация ұйымдастыруға дайындалып жатқан еді. 6 аптаға жалғасатын демонстрация Израиль шекарасына жақын маңда басталып кетті.
Хамас және өзге палестиналық ұйымдар шекараға жақын маңда шатырлар тігіп, лагерлер тұрғызды. Олар бұл наразылық шарасы бейбіт түрде өтеді деп сендірді. Мәліметтерге қарағанда 10 мыңнан астам палестиналық аталған шеруге шақырылған. Дегенмен шеруге қатысушылар саны 30 мың адамнан асып кеткен.
Израиль тарабы шекарадағы қарулы күштердің санын көбейтуде және шерушілерге шекараға жақын келмеуді ескертіп жатыр. Израиль тарабы Газамен шектескен аумақты «ерекше аумақтар» деп атап, палестиналықтарды шекара аумағына жақын жолатпайды. 1948 жылы Израиль мемлекеті құрылғаннан бері жүз мыңдаған палестиналық мұсылмандар еріксіз жер аударылып кетті.