Жолдаудан бір үзік
... Біз тауар өндіру мен өткізу, қызмет көрсету ісін жаһандық желіге бейімдеуіміз керек. Мұны, ең алдымен, трансұлттық компанияларды тарту арқылы жасаған жөн.
Қазақстанда өндірістер ашу жөніндегі Қытаймен бірлескен инвестициялық бағдарламаны тиімді жүзеге асыру керек. Қытай тарапымен уағдаластыққа қол жеткізілді. Нысандар белгіленді. Нақты жұмыс істеу қажет.
Бұл қазақстандықтар үшін 20 мың жаңа жұмыс орнын ашатын заманауи өндіріс болмақ. Қазір 6 жоба жүзеге асырыла бастады, ал 2 жоба іске қосылды. Соның бірі – гибридтік және толықтай электрлі JAC автомобильдерін ірі құрылғылардан құрастыратын зауыт.
Қажетті инфрақұрылым қалыптастыру жайын ескеріп, экспортқа бағдарланған электромобиль өндірісін одан әрі дамыту мәселесін пысықтауды тапсырамын.
Тұтастай алғанда, Қазақстанның өз Инвестициялық стратегиясы болуға тиіс. Үкімет оны биылғы 1 қыркүйекке дейін әзірлеуі керек...
“The Qazaq Times”