АҚШ Сыртқы Істер Министрлігі АҚШ үкіметінің Африндегі оқиғаларға алаңдаушылық білдіретінін мәлімдегеннен кейін, Түркия премьер-министрінің орынбасары Бекир Боздаг АҚШ-тың "Зәйтүн бұтағы" операциясының мақсаты мен мән-жайын әлі түсіне алмағандығын немесе түсінгісі келмейтінін айтып, Ақ үй мәлімдемесімен келісе қоймайтындығын жасырмады.
Ол "Twitter" әлеуметтік желісіндегі парақшасында жасаған мәлімдемесінде: "Зәйтүн бұтағы" операциясы ДАИШ-пен күрес әрекеттеріне кері әсерін тигізуде деген пікір негізсіз әрі жалған. "Зәйтүн бұтағы" операциясы жазықсыз тұрғындар мен күрд азаматтарына қарсы ұйымдасқан топ емес. Ол - террорлық ұйымдарға қарсы ұйымдастырылған қозғалыс. Аймақты террорлық топтардан арылтуды, халықты олардың қысымдары мен зұлымдық әрекеттерінен құтқаруды, аймақта тыныштық, бейбітшілік, тұрақтылық және қауіпсіздік орнатуды көздеген ұйым. ДАИШ ұйымы ең көп террорлық әрекет жасаған, сонымен қатар, ДАИШ-қа қарсы өте тиімді және шешуші күрестер жүргізген әрі ДАИШ-қа ең үлкен соққы жасаған ел — Түркия" , - деп, тақырыпқа аса қатысы бола қоймаса да, ДАИШ-тың Түркияға тигізген зиянын да айтып қалды.
"Демократиялық одақ" партиясы (PYD) мен "Күрдтердің халықтық қорғау отряды" (YPG) террорлық ұйымдарының Сирия Демократиялық Күштері (SDG) деген атаумен қолдау тауып және ДАИШ-ты сылтауратып олардың қаруландырылып, жасақталғанын да тілге тиек еткен Боздаг, "Ең бір көкейге қонымсыз болғаны — аймақта террорлық дәліздің, террорлық мемлекеттің құрылуына қолдау көрсететін қадамдардың жасалуы, Түркияның басындағы қиын жағдай мен түрік үкіметінің жасаған ескертулерін елемеу, Түркиямен ынтымақта болудың орнына террорлық ұйымдармен ынтымақта болу. "Зәйтүн бұтағы" операциясы азаматтарға ешқандай зиян келтірмеді. Керісінше, олардың су, дәрі-дәрмек және өзге де гуманитарлық көмектерге қол жеткізулеріне ешқашан кедергі болмады", - деді.
Мәселенің астарына үңілсек, АҚШ Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Хизер Нойерт Африннен соңғы 48 сағатта жеткен хабарларға байланысты қатты алаңдайтынын білдіріп, Түркияның "Зәйтүн бұтағы" операциясына кінә артқан болатын. Ол өз мәлімдемесінде аталған операцияның террорлық ұйымдармен күреске кері әсерін тигізіп жатқандығын айтқан еді. Қазіргі уақытта Түркия үкіметі аталған мәселеге қатысты толассыз мәлемдемелер жасауда. Әлем көз тіккен Африндегі оқиғалар мен "Зәйтүн бұтағы" операциясына қатысты мемлекетаралық даудың соңы немен бітері әзірге бұлыңғыр.