ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышевқа реттеуші банк жұмысын түзету бойынша заңға өзгеріс енгізуді жеделдету туралы тапсырма берді.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ұлттық банк төрағасы проблемалы банктердің бірі DeltaBank-тің міндеттерінің 60 пайызын квазимемлекеттік сектор құрайтынын және RBK-дағы кредиттің 90 пайызы банктің акционерлері немесе солармен байланысы бар төрт борышкерге берілгенін айтты. Алайда Президент Ақышевты сынға алды.

"Біз бұл істі қашан аяқтаймыз? Әбілязовтың бастамасымен "БТА" банк барлығының көз алдында халық пен мемлекеттің ақшасын ұрлап отыр. Біз бүкіл әлемге мұның мемлекет қаржысы екенін дәлелдедік. Ал қазір не болды? Банк құрдық, оған адамдар, ұлттық компаниялар барып жатыр. Енді сол банк акционерлері ақшаны ол жерден шығарып жатыр,  ал Ұлттық банк отырып алып, оны бақылауда. Бұл қалай болғаны?", - деп сұрады Назарбаев.

Осылай деген Назарбаев банктерді банкрот ретінде тану керектігін айтты.

"Біз "банкрот жасамау керек" дейміз. Банкрот жасау керек. Болмаса өздерінің ақшаларын берсін. Бұл акционерлер ешқайда кетіп қалған жоқ, бәрі осында. Ақша  жинап, сосын оны ол жерден алып кету үшін банктерді құрады. Тапа тал түсте ұрлық болып отыр", - деп ашуланды Назарбаев.

Өз кезегінде Ақышев проблемалы банктерде токсинді кредиттердің қалай пайда болғаны туралы айтты.

"Мұндай кредит берген банктер қарыз алушыларды бағалау процедурасын жоққа шығарады. Жеңілдігі бар мөлшерлемелер қолданылып, қатаң түрде кепіл талап етілмейді. Салдарынан осындай кредиттердің бәрі қайтарылмай жатады", - деді Ақышев.

Осыдан кейін президент Парламент мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулинге тиісті заң жобасын қарауды тездетуді сұрады.

"Нұрлан Зайроллаұлы, Ұлттық банк банктердің барлық жай-күйін және сол жерде жүріп жатқан барлық қаражат есебін түпкілікті қарау құқығына ие болу үшін оған (Данияр Ақышевқа - ред.) тиісті заң жобасын енгізуді тапсырдым. Сізден осыны қарастыруды жеделдетуді сұраймын", - деді президент.

Айта кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылдың 3 ақпанында болған үкіметтің кеңейтілген отырысында керісінше, Ұлттық банктің жақсы жұмыс атқарғанын және Ақышавқа ешкімнен қорықпау керектігін айтқан болатын. "Ұлттық банк қаржы жүйесін реттеген сайын оның басшысына шабуылдар көбейді. Мұны осы залда отырған акционерлер мен демеушілер жасайды. Ешкімнен қорықпа» – деген еді сол кезде президент Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевқа.

“The Qazaq Times”