Соңғы күндері Сауд Арабиясы дүрбелеңге толы болды. Көз қарақты жұрт білетіндей патшалықтың тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман басқарған комитет 11 ханзаданы қамауға алған болатын. Оның көбі бұрынғы және кейінгі министрлік қызметін атқарғандар еді. Олай болса, мұрагер ханзаданың Сауд жұртын ғана емес, әлемді дүр сілкіндірген бұл қадамындағы мақсаты не болмақ?
BBC-дің мәліметіне жүгінсек, Ханзадалар елдің Жемқорлыққа қарсы комитетінің нұсқауымен қамауға алынды. Мемлекеттік ақпарат комитетінің хабарына қарағанда, аталған құзырлы орынның қамауға алу және елден шығып кетуіне тыйым салу құқығы бар. Бұл комитеттің басшысы болып тағайындалған Мұхаммед бин Салман - Сауд патшалығының тақ мұрагері әрі осы елдегі король Салманнан кейінгі ең ықпалды тұлға.
Сауд Арабиясының патшасы Салман ибн Абдул Азиз әл-Сауд жақында 83 жасқа шығады. Ол бұдан бұрын инсультпен операцияға кірген еді. Кейбір дереккөздерінің мәліметіне қарағанда, король Салман альцгеймер және деменция сырқатына шалдыққан деген мәліметтер айтады. Қалай болмасын, елдің патшасы тақ мұрагерін дайындап үлгерді. Тіпті оны өзімен бірге ел билеген тетелес буындардан емес, керісінше әулеттегі жастардың арасынан талдап алып отыр.
Ханзада Мұхаммедтің үлкен саясатқа араласуы 2009 жылдан басталады. Сол кезде елдің орталық қаласын басқарып тұрған әкесінің кеңесшісі болып қызмет атқарды. Ал ол 2015 жылы саяси карьерасында үлкен өзгеріс жасап, әлемдегі ең жас министр болып сайланды. Ол сол жылдың сәуір айында Қорғаныс министрі және Патшалық соттың Бас хатшысы болып тағайындалды. Осыдан кейін оның халықаралық және ел ішіндегі беделі арта түсті. Сонымен бірге ол саясатта елін мұнайға деген тәуелділіктен арылту үшін жасаған қадамдарымен танымал болды. Соған байланысты «Көрегенділік-2030» бағдарламасын іске асыру үшін 2020 жылға дейін Сауд Арабияны «Мұнайсыз елге» айналдыру қатарлы жобаларды алға қойды. Дегенмен, ел билігіндегі кейбір тұлғалар жағынан бұл жүзеге аспайтын жоспар деп табылып, наразылықтарға ұшыраған еді.
Өткен аптаның соңында король Салман себебін түсіндіріп жатпастан, Ұлттық гвардияның жетекшісі ханзада Мутаиб бин Абдулланы және Теңіз армия флотының қолбасшысы, адмирал Абдул бин Султанды жұмыстан босатты. Ертесі оларға «жемқорлық» айыбы тағылып, қамауға алынды. Нақты кімдердің қамалып, қандай айыптардың тағылғаны туралы ресми мәлімет жоқ. Сол елдің «әл-Арабия» арнасының берген мәліметіне қарағанда, 2009 жылғы Жидда өлкесіндегі су тасқыны және 2012 жылғы MERS вирусының таралуына байланысты тергеулерді қайта жандандырған.
Қамаққа алынғандар арасында бұрынғы Қаржы министрі және сол елдегі ARAMCO атты ірі компанияның директорлар кеңесінің мүшесі Ибрагим әл-Ассаф және ханзада Турк бин Абдалдың да есімдері аталды. Ең қызу талқыға түскені ханзада әл-Валид бин Талалдың қамауға алынуы болды. Ол болса әлемдегі ең бай адамдардың қатарында және сауд арабиялық маңызды инвестициялық компанияның бірі Kingdom Holding-тің жетекшісі. Оның үстіне ханзада әл-Валид бин Талал Twitter, Apple, Citigroup және мейманхана бизнесінің ірі кәсіпорыны Four Seasons қатарлы әлемдік алып компаниялар бар.
Сауд жұртында бин Талал әйелдерді жұмысқа қабылдағаны үшін түрлі пікірлерде қалған тұлғаның бірі. Forbes оның қаржысын 17 млрд АҚШ доллары деп көрсеткен еді. BBC-дің Сауд Арабиядағы қызметінің берген мәліметіне сүйенсек, қамауға алынған ханзадалардың көбі бұрынғы патша Абдалдың әулетінен. Дегенмен бұл мәлімет анық емес. Егер сырт көз сарапшылардың болжамы тура шығар болса, онда ханзада Мұхаммедтің бұл қадамы билік үшін жаңа клан аралық тартыстың басталуы деуге болады. Бірақ, көп санды сарапшылардың айтуынша, бұрынғы патшаның әулетінде ішкі тартыс күшті жүруде.
Ханзада Мұхаммед бин Найф «абдалиттердің» көмескі лидері деген де сөз бар. Ол осыдан бұрын мұрагерлер қатарында аталып келген. Бірақ, жаз кезінде тақ мұрагері ретінде 21 жастағы Мұхаммед бин Салманның есімі аталды. Ал, бин Наиф болса Ішкі істер министрі қызметінен де тоқтатылды. Бұған осы реткі қамауға алу ісін қосқанда, Сауд Арабиясы билігінде «үлкен өзгерістер болып жатыр» деп айтуға толық негіз бар. Солайда, оның оң ықпалының қаншалықты боларын тап басып айту қиын.
Сауд жұрты жақында мұрагер таққа отыруы мүмкін деп күтіп келген. Бұдан бұрынғы болжамдарда бұл қыркүйек айында болуы мүмкін делінген еді. Тіпті әулет ішінде төңкерістер болуы да мүмкін. Сауд әулетінің тарихында бұндай істер болмай қалған жоқ. Тақ мұрагерін күштеп түсіруге әрекет еткендер дін мен әскер күшінің жазасына ұшырауы да мүмкін. Сауд Арабиясының патша әулеті арасында таққа талас басталса, бұл аймақтағы геосаясатқа да әсер етпей қалмайды.