АҚШ әскерінің Нигер және өзге де Африка мемлекеттерінде соғысып жүргені Конгресс мүшелерінің тарапынан туындаған сұрақтардың қатарын жиілетті. Олар Америка жерінен алыс аумақтарда өз азаматтарының не себепті өмірін қатерге тігіп жүргенін білгісі келеді. Африка елдеріндегі жергілікті экстремистік топтарға қарсы қақтығыстарға араласуда АҚШ-тың қандай мүддесі бар екенін түсінбеген сенаторлардың сұрауына орай, мемлекеттік хатшы Рекс Тиллерсон мен Қорғаныс министрі Джим Мэттис Америка Президентінің соғыс жариялау және жүргізудегі құқықтары туралы тұңғыш рет ашық қоғамдық талқылау өткізді.
Талқылаудың негізгі тақырыбына айналған 2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі Аль-Каиданың шабуылынан кейін қабылданған AUMF (Аuthorisation to use military force) - Әскери күштерді пайдалану құзыреттілігі туралы заң болды. Сонымен осы заңға қойылған негізгі сұрақтарды назарларыңызға ұсынамыз:
Бұл заңның қандай қарама-қайшы тұстары бар?
Бұл заңға сәйкес, Президент өмір мен өлім операцияларын жүргізу туралы шешім қабылдай алады. Ал АҚШ-тың Конституциясында Американың өзге елдерге соғыс жариялауы туралы шешімін Конгресс қабылдайды.
2001 жылы атышулы террактіден кейін АҚШ Президентіне Аль-Каида мен Талибанның көзін жою үшін әскерді пайдалануға рұқсат беретін резолюция қабылданды. 2002 жылы Америка әскерін Иракка кіргізу үшін Джордж Бушқа кезекті резолюция тағы берілді.
Онан кейін "Ислам мемлекеті" ұйымына қарсы күресті бастаған Барак Обама мен Нигер еліндегі экстремистік топтарға қарсы әскерін жұмылдырған Дональд Трамп AUMF заңындағы құзыреттілігін алға тартты.
Жуырда Нигерияда үш Америка азаматы қаза тапқаннан кейін халық Президенттің өзге мемлекеттерге әскер жіберу туралы шешімдеріне қатаң қарай бастады. Сенаторлар Америка әскерилерінің Батыс Африкада оқыту-жаттығу жұмыстарын жүргізуінде АҚШ-тың қандай мүддесі бар екенін түсіне алмайтындықтарын жеткізді.
AUMF заңы керек пе?
Қыркүйек айында республикалық сенатор Рэнд Пол Әскери күштерді пайдалану құзыреттілігі туралы заңның күшін жою туралы ұсыныс білдірді. Оның ойынша, бұл АҚШ Президентінің "қалаған уақытында ел әскерін, әлемнің кез келген бөлігіне аттандыруын" тоқтатады әрі әскери операциялар Америка халқына қандай пайда әкелуі мүмкін екенін анықтауға көмектеседі.
Джим Мэттис те осыған дейін заңның жаңа нұсқада қабылдануын қолдап, бұл белгілі бір жерге әскер аттандыру туралы шешімді бүкіл Америка халқы болып қабылдауға жол ашады деген болатын.