Ресей Президенті Владимир Путиннің туған күнінде осы аптада 20 күнге абақтыға жабылған оппозиция басшысы Алексей Навальныйдың қолдаушылары қарсылық шеруіне шықты. Мәскеуде мыңға жуық, Путиннің туған қаласы Санкт-Петербургте 3 мың  шамасында шеру қатысушылары көшеге шығып, наразылық білдірді. Қарсылық акциясы Ресейдің өзге қалаларында да болған. Бұл туралы APF ақпараттық агенттігі жазды. 

Оппозиция басшысы Алексей Навальный наурыз және маусым айларында жемқорлыққа қарсы жалпыхалықтық шерулер ұйымдастырып, оған 10 мыңға жуық азамат қатысқан болатын. Ол кезде мыңдаған ресейлік полиция қызметкерлерінің қолына түскен еді. Бұл жолы мемлекет басшысының туған күнінің шырқын бұзуға жол бермеу мақсатында 124 адам құқық қорғау қызметкерлерінің құрығына ілінді.

Мәскеу көшелеріне жиналған көпшілік "Туған күніңмен, Путин!", "Путинсіз Ресейді қолдаймыз" деген ұрандарымен есте қалды. Мұнда келгендердің барлығы бірдей келесі жылы Президенттік сайлауға түсуге үміткер Алексей Навальныйдың жақтастары деуге келмейді. Өйткені APF ақпараттық агенттігі тілшілерімен сұхбаттасқан бірқатар ресейліктер мұнда "жүйені өзгерту, жемқорлықтың жойылуын талап ету үшін келгендерін" айтқан. Мәселен, Санкт-Петербургтегі шеру қатысушыларының қатарынан табылған  20 жастағы Игорь Климов: "Мен есімді білгелі мемлекетті Путин басқарып келеді. Біздің елдің барлық саласын жемқорлық жайлаған" десе, Светлана Киселева: "Мен Алексей Навальныйдың адал қолдаушыларынан емеспін. Мұнда мемлекет ішіндегі саяси бәсеке болуын талап етуге келдім" деген пікір білдірген. Елде оппозиция және бір ғана биліктен өзге де таңдаулар болғанын қалайтын Орест Черчесов та Алексей Навальныйдың жанкүйері еместігін алға тартады.

Ресейді 1999 жылдан бері басқарып келе жатқан Владимир Путин биыл 65 жасқа келді. Шеру қатысушылары зейнет жасындағы Президенттің өз саяси карьерасын осы жерден тоқтатқанын қалайды. Жуырда Владимир Путин келесі жылы наурыз айында болатын Президент сайлауына қатысу туралы әлі нақты шешім шығармағанын хабарлаған еді. Бірақ сарапшылар белгілі саясаткер тағы да 6 жылдық мерзімге мемлекет тізгінін ұстауға бел байласа, оның сайлауда сөзсіз жеңіп шығатынын айтады.

Алексей Навальный жемқорлыққа қарсы күрес кампанияларының белді мүшесі, жоғары білімді заңгер. Ол Ресейдің қазіргі билігінің қателіктері мен экономикалық, әлеуметтік мәселелерді қозғайтын бірнеше көлемді қарсылық шараларын ұйымдастырғаны үшін, қоғамдық жиындарды ұйымдастыру бойынша заң талаптарын бұзғаны үшін деген айыппен 20 күнге бас бостандығынан айырылған.

“The Qazaq Times”