АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон ертең, 28 қыркүйек бейсенбі күні, Қытай астанасы Бейжіңге сапарлай келеді. Бұл туралы “The Wall Street Journal” басылымы хабарлады.
Бұл уақытта АҚШ үкіметінің Қытай арқылы Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасына қысым жасауы үздіксіз жалғасуда. Пиоңяң (Пхеньян) мен Уашингтон арасындағы тартыста толас тапқан жоқ.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі Хезер Науэрт мәліметінде, мемлекеттік хатшы Рекс Тиллесонның Қытайға сапары, алдағы уақыттағы президент Трамптың сапарына жол ашады делінген. Сонымен бірге Тиллерсон сапары Қытайдың қазіргі АҚШ саясатында маңыздылығын әйгілейді дейді сарапшылар.
Айта кетейік, кеше АҚШ Қазына департаменті Солтүстік Кореяның сегіз банктерін және сол елдің қаржылық жүйесімен байланыстағы 26 адамды санкция тізіміне кіргізгенін жария етті. Бұл тыйым салынған ядролық және зымырандық жобаларды қаржыландыруға қаражат жұмсағаны үшін Солтүстік Корея банктерінен капиталдың ағымын шектеу шарасы болып табылады.
Аталған департаменттің хабарында, бұл банктер мен жеке тұлғалар негізінен Солтүстік Корея азаматтары болып, Қытай, Ресей, Ливия және БАӘ қатарлы елдерде жұмыс істейтіні туралы мәлімет берген. Сонымен бірге бұл шектеу, Солтүстік Кореялық банктер мен қаржы агенттеріне қарсы санкциялар болып табылады делінген.