Егер Қытай үкіметі Солтүстік Кореяға көмек көрсеткен банктерді және басқа қытайлық компанияларды жабу жөнінде қосымша шаралар қабылдамаса, АҚШ Қытайға қарата қосымша санкцияларды енгізеді. Бұл туралы Трамп үкіметінің сейсенбі күні таратқан хабарында айтылды, деп хабарлайды "The Wall Street Journal" басылымы.
АҚШ Қаржы Министрі Стивен Мнучин сейсенбі күні CNBC-ге берген сұхбаты кезінде "егер Қытай Біріккен Ұлттар Ұйымының бекіткен санкцияларына қолдау көрсетпесе, АҚШ Қытайдың өзіне бағытталған қосымша санкция салатынын" айтты. Айталық, АҚШ пен халықаралық доллар жүйесіне енуіне шектеу қоюы мүмкін екен.
АҚШ шенеуніктері мен Біріккен Ұлттар Ұйымының сарапшылары "Қытай Солтүстік Корея лидері Ким Жоң Унның (Kim Jong Un) режимі мен оның қару-жарақ бағдарламаларын қаржыландыруды тоқтату үшін жеткілікті күш жұмсамады" деп санайды. Сонымен бірге Біріккен Ұлттар Ұйымының санкцияларына да толықтай қолдау танытпай отыр деген пікірде.
Кеше таңертең Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Гын Шуаң (Geng Shuang): "Қытай әрдайым жан-жақты қараудан жазбайды. Қауіпсіздік кеңестің қарары қатаң сақталады" деп мәлімдеген еді.
Терроризмді қаржыландырумен күресуге жауапты АҚШ Қаржы министрлігінің хатшысының көмекшісі Маршалл Биллингсейла сейсенбі күні Өкілдер палатасының Сыртқы істер жөніндегі комитетінің отырысы кезінде: «Құрама Штат жағы Солтүстік Кореяның барлық жолдарын кесіп тастауға бел байлап отыр, тіпті бұл қадамдар барысында қытайлық компаниялар зардап шегуі де мүмкін» деген болатын. Ол сондай-ақ, жақында АҚШ Қазына департаменті "Қытай тарапынан қаржыландырылған банкке салынған санкциялар арқылы Қытайға ескерту сигналын жолдағанын" да айтты.
АҚШ жоспарға алып отырған Солтүстік Кореяның барлық кіріс көзін тежеу шарасы, КХДР өзінің ядролық қаруынан бас тартқанға дейін жалғасқалы отыр. Ал, Солтүстік Кореямен ең жақын байланыстағы Қытайға бұл шаралардың ықпалы тимей қалмайды. АҚШ пен Қытай қарым-қатынасы осыған дейін де сан рет бүліне жаздап келді. Бұл қадамдар екі ел арасында жаңа қайшылықтар мен кірбеңдікті қалыптастырса, Бейжің тарабы бұған қандай жауап беретіні беймәлім.