Алматы қаласында Халықаралық бизнес университеті жанынан "Pro gente" деп аталатын экономикалық зерттеу орталығы ашылды. "Pro gente"сөзі бұл латын тілінен аударғанда ел үшін, ұлт үшін деген мағынаны білдіреді екен. Орталықтың жетекшісі Мақсат Халықтың сөзінше, орталық ең алдымен қазақ тілінде қызмет көрсететін болады.
"Біздің негізгі қызметіміз халықтың, қоғамның игілігіне бағытталатын болады. Экономикалық зерттеу орталықтары бізде бар ғой, бірақ олардың зерттеу жұмыстары негізінен орыс тілінде жарияланып жатады, ал қазақ тілінде өкінішке қарай жоқ болып келді. Ал мемлекетімізде экономикалық және қаржылық сауаттылық негізінен қазақ тілді ортаға керек. Қарапайым ғана отбаслық бюджетті қалыптастыру, кіріс-шығысты реттеу, банктерден қалай тиімді несие алуға болады, қалай жинақтарыңды басқарып, оны арттыруға болады деген сияқты тақырыптар төңірегінде ақпарттың жетіспеуінен қоғамымызда әлеуметтік маңызы бар қиындықтар болып отыр. Сондықтан осы айтылған жағдайлар бұл орталықты құруыма түрткі болды", - дейді экономист Мақсат Халық.
Оның айтуынша, орталықтың негізгі мақсаты - қазақ тілінде экономикалық зерттеулер жасап, ондай зерттеулер жасай алатын жастарды дайындап, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға үлес қосу.
"Қазіргі таңда ұлттық экономикамыздың жаңа моделі адами капиталға негізделуі керек деп есептеймін. Сондықтан орталықты ғылыми зерттеу бағытында құрып отырмыз. Алда жоспарларымыз көп. Молардың қатарында әлеуметтік-экономикалық бағытта іргелі және қолданбалы зерттеулер ұйымдастыру, білікті ғалымдар мен мамандармен бірлесе жұмыс істей отырып, тәжірибе жинақтау, орталық мүшелерін қажетті ақпараттармен қамтамасыз ете отырып, зерттеу жұмыстарын жазудың жаңа әдістерін үйрету сияқты жоспарларымыз бар", - дейді орталық жетекшісі.