2017 жылдың қаңтар-қазан айында Қазақстанда бөлшек сауда айналымы 7 трлн теңге болған. Ал бұл 2016 жылғы кезеңмен салыстырғанда 6,3%-ға жоғары болып отыр.

Статистика комитетінің мәліметінше, жалпы бөлшек саудадада сатылған азық-түлік тауарларының үлесі 36,8%-ды құраған немесе қазақстандықтар азық түлік сатып алуға 2,6 трлн теңге шамасында қаржы жұмсаған. Ал азық-түлік емес тауарлардікі 63,2% болған (4,4 трлн теңге шамасында).

Азық-түлік тауарларының сатылымы 2016 жылдың қаңтар-қазан айымен салыстырғанда 8,6%-ға, азық-түлік емес тауарлардікі 4,8%-ға көбейген.

Сондай-ақ қазақстандықтар тауарларды ірі сауда кәсіпорындарынан сатып алып, 3,9 трлн теңге (55,5%) жұмсаса, қаладағы базарларға және үй жанындағы дүкендерге 3,1 трлн теңге жұмсалған.

Ал көтерме сауда жыл басынан бері 15,3 трлн теңгені құрады, бұл 2016 жылғы кезеңмен салыстырғанда 1,7%-ға артық.

Айта кетейік, Қазақстанда азық-түлікке жұмсалатын қаражат көлемі Нигерия және Камерун сияқты елдердікімен деңгейлес. Ал бұл дегеніміз мемлекеттегі халық экономикасының нашар екенін көрсетеді.

“The Qazaq Times”