Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігімен бірлесе отырып, ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының қолдауымен «Түркістан – Түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы» жобасы мен «ЭКСПО 2017» Халықаралық көрмесі аясында 2017 жылдың 6-9 маусымы аралығында Түркістан - Шымкент қалаларында «Ортеке» V Халықаралық қуыршақ театрларының фестивалі өтуде.

Бұл іс-шараны өткізудің мақсаты – кәсіби қуыршақ өнерін көпшілікке таныту, аймақаралық ынтымақтастық пен кәсіби қуыршақ өнері саласындағы халықаралық мәдени байланысты нығайту, дарынды әртістер мен режиссерлерді анықтап, ынталандыру, қуыршақ өнері актерлерінің кәсіби және орындаушылық шеберлігі деңгейін арттыру, отандық қуыршақ өнерінің дамуына жағдай жасау болып табылады.

Фестиваль аясында Түркістан – Шымкент қалаларының тұрғындары мен қонақтары: М. Жанғазиев атындағы Қырғыз мемлекеттік қуыршақ театры, Абдолла Шаиг атындағы Әзірбайжан мемлекеттік қуыршақ театры, Түркиядан Адана қалалық муниципалдық театры мен және «Қаракөз» театрлары, сонымен қатар Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театры, Маңғыстау облыстық қуыршақ театры, Оңтүстік Қазақстан облыстық қуыршақ театры және С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық драма театры ұжымдарының орындауында қазақстандық және шетелдік авторлардың туындыларын тегін тамашалауға болады.

Барлық спектакль көрсетілімдеріне құрамына режиссер, Астана қаласы Қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген артисі Құралай Халекетқызы Ешмұратова (Қазақстан), UNİMA Халықаралық қуыршақ театрлары одағының Түркиядағы мүшесі, сыншы, қуыршақ театрларын зерттеуші-жазушы Мевлут Озхан (Түркия), Ресейдің еңбек сіңірген артисі, Орынбор облыстық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі Вадим Александрович Смирнов (Ресей), Алматы қаласы Мемлекеттік қуыршақ театрының актрисасы, ҚР еңбек сіңірген артисі Сабила Абуева (Қазақстан), Д. Танасоглу атындағы Гагауыз ұлттық театрының директоры Михаил Дмитриевич Константинов (Молдова) сынды кәсіби мамандар енген халықаралық қазылар алқасы төрелік жасайды.

Фестиваль аясында келесі шаралар ұйымдастырылуда:

- 6 маусым күні сағат 10:30-да – Қазылар алқасының төрайымы Құралай Халекетқызы Ешмұратова, ТҮРКСОЙ ұйымының арнайы өкілі Елшін Гафарлы және ОҚО Мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Қадырұлы Ахметжанов пен Ұйымдастыру комитетінің мүшесі Алмас Болатұлы Әлімжановтың қатысуымен БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті. Оған 20 жуық БАҚ өкілі қатысты. Сағат 11:00-де Фестивальдің салтанатты ашылу рәсімі өтіп, Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрының қуыршақ труппасының қойылымымен жалғасты. (Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ Мәдениет орталығы. Түркістан қ., Б. Саттарханов даңғылы, 29);

- 7-9 маусым аралығы – Шымкент қаласындағы спектакльдер көрсетілімі мен шеберлік сыныптары;

- 9 маусым, сағат 18:00-де – Фестивальдің салтанатты жабылу рәсімі («Қиял әлемі» технопаркі, Шымкент қаласы).

Спектакльдер Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет орталығы (Түркістан қ.), Оңтүстік Қазақстан облыстық опера және балет театры, Оңтүстік Қазақстан облыстық қуыршақ театры, Оңтүстік Қазақстан облыстық орыс драма театры сахналарында көрсетіледі.

“The Qazaq Times”