«Борат-2» фильміне қарсы ұлтжанды азаматтар АҚШ консулдығына петиция тапсырды.

Бүгін, 23 қазан жұма күні Алматыдағы АҚШ консулдығының алдына бір топ белсенді және ұлтжанды азаматтар жиналып, АҚШ-тың Алматыдағы бас консулы Эрик Майер мырзаға наразылық хатын тапсырды.

Петицияда былай делінген:

«Құрметті консул мырза! Қазақтың намысшыл патриод жастары қазақ ұлтын масқаралап, еліміздің абройын түсіріп, тарихымызға, мәдениетімізге орасан зор нұқсан келтіріп отырған Саша Барон Коэннің «Борат-2» фильмінің көрсетілімге шығуына түбегейлі қарсы екенін жеткізеді. Сайқымазақ түсірген аталмыш фильм АҚШ-тың amazon.com платформасы арқылы көпшілік халыққа тарап көрсетілуде, сол себепті егемен елдің намысшыл жастары ретінде АҚШ-тың елшілігі тарапынан қатаң шара қолданып, актердің және барлық ұйымдастырушылардың қазақ халқынан кешірім сұрауын талап етіміз. Сонымен қатар, тәуелсіз қазақ елінің байрағын жерге таптағаны және ұлт қауіпсіздігіне келтірген зияны үшін заң жүзінде нақты шаралар қолданылуын талап етеміз. Біз қазақ жастары ұлтымызды қорлауға, тіл тигізуге жол бермейміз!».

Наразылық хатын «Намыс» қозғалысының өкілдері Азамат Ғалымжан және Мақсат Мамадияров қатарлы азаматтар апарып тапсырған. Олардың редакцияға берген мәліметіне қарағанда, консулдық тарапынан Анон есімді өкілі кездесіп, наразылық хатын қабылдап алған. Сондай-ақ, қазақстандықтардың наразылығынан хабардар екенін, алдағы уақытта наразылық хатында қойылған талаптар бойынша жұмыс жүргізуге сөз берген.

“The Qazaq Times”