Солтүстік Кореяда коронавирус дерегі тіркелген жоқ. Билеуші Еңбек партиясының саяси бюросының отырысында ел президенті Ким Чен Ын осылай деп мәлімдеді.

Соған қарамастан, Ким Чен Ын елде эпидемияға қарсы жұмысты күшейтуді жалғастыру керек екенін ескертті. Жыл басында Пхеньян билігі барлық халықаралық тасымалды жауып, шетелдік туристердің елге кіруіне тыйым салған еді. Сонымен қатар жиналыстарды кейінге шегеріп, тұрғындарды қоғамдық орындарда бетперде тағуға міндеттеген. Ал «COVID-19» белгілері бар адамдар карантинге жабылады.

КХДР Денсаулық сақтау министрлігі 900-ден астам адамның коронавирусты анықтау бойынша тестіден өткенін және олардың бір де біреуінен «COVID-19» анықталмағанын айтты.

Ресми мәліметтер бойынша, әлемде COVID-19 коронавирусы 10,8 миллион адамға жұққан. Қайтыс болғандар 521 мыңға жетті. 5,7 миллион адам жазылды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты «пандемия» деп жариялаған болатын. Вирусты алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді.

"The Qazaq Times"