Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея басшыларының 27 сәуірдегі тарихи кездесуінен кейін, бүгін, 2 мамыр Қытай сыртқы істер министрі Уаң И КХДР орталық қаласы Пиоңяңда (Пхеньян) екі күндік сапарын бастады. Қытай СІМ басшысының бұл ресми сапары Қытай басшысы Ши Жинпиң (Си Цзиньпин) мен Солтүстік Корея басшысы Ким Жоң Унның (Ким Чен Ын) кездесуіне дайындық істеріне бағытталған. Бұл туралы «Шинхуа» ақпараттық сайты хабарлады.
Дүйсенбі күнгі мәлімдемесінде, Қытай СІМ басшысы Уаң И 2-3 мамыр аралығында Пиоңяңда ресми сапарда болатынын айтты. Бұл Қытай Сыртқы істер министрінің 2007 жылдан бері Солтүстік Кореяға жасаған алғашқы сапары.
Өткен аптада әлем ақпарат көздері Оңтүстік және Солтүстік Корея басшыларының кездесуіне көз тіккен кезде, Қытай тарабы әлем назарын Ши Жинпиң мен Үндістан премьер-министрі Нарендра Модидың кездесуіне бұруға тырысты. Бұл кездесу аяқталғаннан кейін, Қытай СІМ-і қысқаша мәлімдеме жасап, екі Корея арасындағы келіссөз нәтижесін қуаттайтынын, Корей түбегінің ядролық қарусыздануын, түбек мәселесін саяси тұрғыда ретке салуға күш салатынын жеткізген.
Сарапшылардың пікіріне қарағанда, Корей түбегіндегі жағдай түбегейді өзгерістерге ұшырады. Әсіресе, Құрама Штат пен Солтүстік Корея арасындағы байланыстар қызу деңгейге жетті. Қытай сыртқы істер министрінің бұл сапары Қытай үкіметінің Корей түбегі мәселесінде оқшауланып қалудан алаңдайтынын және дипломатиялық күш-жігерін көрсеткісі келетінін білдіреді.