Түркияның Сүриямен шекаралас Африн аймағындағы күрд жасақтарына қарсы шабуыл жасау туралы мәлімдемесінен кейін, Ресей осы маңдағы өз әскерін болашақ қақтығыс алаңынан алыс аудандарға алып кетуді бастады. Бұл туралы Түркияның НАТО-дағы өкілі Ахмет Берат Конкар Әл-Жазираға берген сұхбаты барысында хабарлады. Мұндай шешім осы бейсенбі күні Мәскеуде өткен Түркия әскерінің басшысы Хулуси Акардың ресейлік әріптесі Валерий Герасимов және Ресейдің өзге де барлау қызметінің өкілдерімен болған кездесуі барысында қабылданған.
Соңғы бір апта көлемінде әлемдік ақпарат агенттіктері АҚШ-тың Сүрия мен Түркия шекарасында 30 мың әскериден тұратын "шекара жасағын" құратыны, оның басым бөлігін осы аумақта "Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымына қарсы күрес жүргізіп келе жатқан "Сүрия Демократиялық күштеріне" кіретін YPG (Күрд Демократиялық Одағы партиясының қаруланған әскері) ұйымының күрд әскері құрайтыны туралы жарыса жазды. Осы хабарламадан соң, Түркия шекарада күрд жасақтарынан әскер құрылуы өз еліне қауіп төндіреді деп тауып, Африн аймағындағы YPG (Күрд Демократиялық Одағы партиясының қаруланған әскері) күштерінің көзін жоюға арнайы әскери операция бастайтынын мәлімдеді.
Өз кезегінде АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон Түркия болған жайтты дұрыс түсінбегенін, ешқандай шекара әскері құрылмайтынын, күрд топтарымен бірлескен жаттығулар мен дайындықтар "Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымы содырларының шекара асып құтылып кету жолдарын бөгеуге арналғанын айтып, ағынан жарылды. Дегенмен Ахмет Берат Конкар Әл-Жазираның тілшісіне ешқандай мемлекет Түркияны алған бетінен қайтара алмайтынын жеткізген. Ол: "Басқа мемлекеттердің Түркияға қатысты үндеулері бар болғаны әскери операцияның техникалық детальдары мен стратегиялық барысын ғана өзгертуі мүмкін. Бірақ оны болдырмауға әсер ете алмайды", - деді.
Сондай-ақ НАТО-дағы Түрік делегациясының басшысы: "Біздің НАТО-дағы одақтасымыз АҚШ-қа қарағанда, Ресеймен байланысымыз жемісті болып отыр. Ресей Түркия үшін маңызды мәселеге (күрдтер төндіретін қауіп) түсіністік танытқан кезде, АҚШ YPG ұйымын қаржыландырып, оларға қару беруді жөн деп тапты" деген ой қосты.
Түркия мемлекет ішіндегі Күрдтердің жұмысшы партиясының ондаған жылдар бойы жалғасып келген қарсылықтарынан кейін, Сүриядағы YPG ұйымын аталған партиямен байланысы бар деп танып, оны террористік топтар тізіміне қосқан. 2017 жылдың мамыр айында Ақ үйдегі кездесу кезінде Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоғанның тікелей қарсылық білдіргеніне қарамастан, АҚШ Президенті Дональд Трамп Сүриядағы күрд жасақтарын, атап айтқанда YPG ұйымын қаруландыру туралы шешім қабылдады. Кейіннен аталған ұйым Ракха қаласын азат етуге айтарлық үлес қосты.
Өткен жылдың қараша айында Дональд Трамптың Сүриядағы күрд жасақтарына қару жеткізуді тоқтатқаны туралы хабарламасы да Американың Түркиямен қарым-қатынасына оң әсер ете алмады.