Ресейдің Қорғаныс министрі Сергей Шойгу Сүриядағы әскердің бір бөлігін елге қайтару операциясы басталатынын хабарлады. Ресми мәлімдеме дүйсенбі күні Владимир Путиннің Сүрияға сапары кезіндегі шешімінен кейін жасалды. Ресей Президенті өткен жылы да осыған ұқсас мәлімдеме жасағанымен, Сүриядағы әскери операция жалғасқан болатын. Бұл туралы ВВС ақпараттық агенттігі жазды.
"Ресейге Сүриядан әскерін толықтай шығару үшін қанша уақыт керек?" деген сауалға Сергей Шойгу: "Бұл Сүриядағы жағдайға байланысты", - деп жауап берді. Владимир Путин Башар Асадпен Ресейдің "Хмеимим" әскери базасында өткен кездесу барысында: "Мен Ресейдің Қорғаныс министрі мен бас штабтың басшысына Сүриядағы әскердің негізгі бөлігін олардың елдегі тұрақты базаларына қайтаруды тапсырамын", - деп хабарлады.
Жуырда ғана өзінің Ресейде өтетін Президент сайлауына қатысатынын жариялаған Владимир Путиннің Сүриядағы әскерді қайтаруға жасаған қадамы дауыс берушілер тарапынан жақсы бағалануы мүмкін. Ресей Сүриядағы террорлық топтың күштеріне қарсы күреске айтарлықтай үлес қосқан мемлекет есебінде әлем сахнасында өзінің ықпалын сақтап қалды. Қырым оқиғасынан кейін Ресейден теріс айналған Батыс мемлекеттеріне Сүрия мәселесі бойынша келіссөздер үстелінде Мәскеумен пікір алмасуға тура келді. Сарапшылардың пікірінше, Владимир Путиннің тағы бір жеңісі - оның өз одақтасы Башар Асадтың билігін сақтап қалуында.
Владимир Путин Башар Асадпен кездесу барысында Сүриядағы Оппозициялық күштермен бейбіт келісімдерге келу үшін, Иран және Түркиямен бірлескен жұмыстарды жалғастыратынын жеткізді. Естеріңізге сала кетейік, Ресей Сүрияның мемлекет басшысы Башар Асад бастаған мемлекеттік күштерді "Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымына қарсы күресте қолдау үшін 2015 жылы соғысқа араласқан болатын.