Венесуэла Мәскеу алдындағы сыртқы қарызын қайтару шарттарын жеңілдету бойынша Ресеймен келісімге келді. Венесуэланың қаржы министрі Саймон Зерпаның басшылығымен келген делегация 2011 жылы Ресейден қару-жарақ сатып алу арқылы пайда болған қарызын алдағы 10 жыл уақыт көлемінде алғашқы алты жыл бойы ең төменгі мөлшерлемемен қайтару туралы ортақ шешімге қол қойды.
Венесуэла мұнай бағасының төмендеуі мен АҚШ-тың салған санкцияларынан кейін экономикасының күрт құлдырауына байланысты сыртқы қарыздарын қайтара алмайтынын мәлімдеген болатын. Ел Президенті Николас Мадуро Ресейдің мемлекеттің басына қиын күн туған кезде танытқан түсіністігі қос тараптың қарым-қатынасын жаңа белеске көтеретінін айтты.
Венесуэлада сәуір айынан бері жалғасып келген көтеріліс, белең алған жұмыссыздық, қылмыс пен әлеуметтік мәселелердің ушығуы мемлекет алдына тез арада шешімдер табу міндетін қойып отыр. Енді толықтай импортқа тәуелді болып отырған мемлекет сыртқы қарызынан үнемдеген қаржыға азық-түлік пен дәрі-дәрмек сияқты заттар сатып алатын болады.
Николас Мадуро экономиканы қайта аяққа тұрғызатынына сенімді болғанымен, Standard and Poors агенттігі елде дефолт басталғанын хабарлады. Венесуэла қазынасында 9,7 млрд АҚШ доллары қалған. Биылғы жылдың соңынан дейін мемлекет кредиторларға 1,47 млрд $, ал 2018 жылы 8 млрд $ төлеуі керек.