Өздерін «Ислам мемлекеті» атаған террорлық ұйымның Иракқа бағытталған соңғы қан төгісті шабуылдарынан кем дегенде 74 адам қаза тапты. Бұл елде шілде айында тәмамдалған Мосулды қайтарып алу шайқасынан кейінгі ең үлкен қанды шабуыл болды. Бұл туралы Францияның басылымдарына сілтеме жасай отырып, «Шинлаң» ақпараттық сайты жазды.

Француз ақпарат құралдарының 14 қыркүйек күні хабарында, сол күні Ирактың Зикал провинциясындағы террорлық шабуылдан қаза тапқандар санының  әлі күнге дейін белгісіз екенін, бірақ кемінде 74 адам қайтыс болғанын, оның ішінде Иран азаматтарының бар екенін де хабарлаған болатын. Шабуылды «Ислам мемлекеті» өз мойнына алған.

Ирак қауіпсіздік тарауларының мәліметіне сәйкес, террорлық шабуыл 14 қыркүйек күні түс әлетінде, аталған провинциядағы бір мейрамханада болған. Автоматпен қаруланған бірнеше террорист мейрамханаға басып кіріп, оқ жаудырған. Бұдан кейін шабуылдаушылар автокөлікке отырып, қауіпсіздік күштері орналасқан ғимарат маңына келгенде көліктеріндегі жарылғышты іске қосқан. Ал шабуылдың тағы бірі автобанда көршілес ирандық қажылар және туристер шоғырланған орынның маңында жасалды.

Шетел және Ирак ақпарат көздерінің хабарына қарағанда, «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымы күз айларында Иракқа бағытталған сериялық шабуылдарды жоспарлап отыр. Бұл террорлық ұйымның Мосул шайқасында жеңіліс табуына байланысты берген жауабы делінген.

“The Qazaq Times”