Қазақстанның түрлі аймағында 1 мамырда митинг өткізу туралы өтініш беріліп жатқан кезде Ақтауда азаматтық белсенді Ұлбосын Тұрдиева 20 тәулікке қамалды. #БелсенділерЭкстремистЕмес телеграм-арнасының хабарлауынша, сот шешіміне келіспеген белсенді аштық жариялаған. Бұл туралы Орталық Азия жаңалықтар қызметі жазды.
Азаттық тілшісі әзірге белсенді отырған уақытша қамау изоляторынан жауап ала алмады.
Сот оны "жала жабу" бабы бойынша кінәлі деп тапқан. Sud.kz сайтындағы мәліметке қарағанда, істі судья Аида Аташева қараған. Әзірге порталға сот шешімі жарияланған жоқ.
#БелсенділерЭкстремистЕмес телеграм-арнасының хабарлауынша, шамамен екі ай бұрын белсенді тікелей эфирге шығып, "Z" белгісі бар (Ресейдің Украинадағы соғысының белгісі) дүкен иесінің үстінен шағым түсірген. Өз кезегінде дүкен иесі де Тұрдиеваның үстінен шағым түсіріп, оны жала жапты деп айыптаған. Ізінше әкімшілік іс қозғалып, сол іс бойынша белсенді әкімшілік қамауға алынды. Телеграм-арнаның жазуынша, полиция Тұрдиеваның шағымын қараусыз қалдырған.
Ал дүкен иесі Нұрай Досмұхамедова Азаттыққа Aizere атты дүкенінің логотипі 16 жылдан бері тұрғанын, дүкен атауының "соғысқа еш қатысы жоғын" айтып, белсенді "мені қаралады" деді.
Қазақстан аймақтарында белсенділер 1 мамырда митинг өткізуге өтініш беріп жатқанда, Павлодарда сот белсенді Емберген Құрмановты бейбіт митинг ережесін бұзды деген айыппен 15 күнге қамаған. Бұған дейін бірқатар аймақта белсенділер жергілікті әкімдік бейбіт митинг өткізуге рұқсат бермей жатқанын хабарлаған. Әкімдіктің ресми жауаптарында 1 мамырда "басқа шара өтетіні" жазылған.
Қазақстанда 2020 жылы "Бейбіт жиын туралы" жаңа заң қабылданғанымен, құқық қорғаушылар азаматтардың бейбіт жиын өткізу және жиналу құқығы әлі шектеліп отырғанын сынайды. Халықаралық және құқық қорғаушылар ресми Астананы азаматтардың бейбіт жиналу құқығын сақтауға үндеп келеді.
Қазақстан билігі елде азаматтарды саяси белсенділігі үшін қудалайтынын мойындамайды.


















АҚШ «тасадағы флотқа» тосқауыл қойды: Olina танкері және теңіздегі жаңа санкциялық соғыс
АҚШ пен Ресей арасындағы теңіздегі текетірес: «көлеңкелі флотқа» жататын Marinera танкерінің ұсталуы нені аңғартады?
Атыраудағы жұмбақ жоғалу мен адам өлімі: із-түзсіз артылған отбасы, полиция тергеуі және қоғам реакциясы
Ирандағы наразылық: халық пен қауіпсіздік күштері қақтығысқа бет алды, адам өлімі артты
Айзат Жұманованың өлімі: бүгін үкім оқылды, айыпталушы 14 жылға сотталды
Қаңтар қырығынына 4 жыл. Алматы тұрғындары қаңтар құрбандарын еске алды