Соңғы күндері әлеуметтік желіде Астанаға жұмыс талап етіп барған жаңаөзендік мұнайшыларды қаралайтын жазбалар легі көбейді. Түрлі салада жұмыс істейтін журналист, блогерлер мұнайшыларға бағыттап, мағынасы жағынан бір-біріне ұқсайтын жазбалар жариялады. Бұнымен қоса, желіде бұл посттардың тапсырыспен, 100-200 мың теңгеге жазылып жатқаны жөнінде де айтылды.

Атап айтқанда, пиар маманы Айбар Олжай, журналист, блогерлер – Диас Нұрақын, Жарас Кемелжан, Ербол Мәндібек, Думан Бықай, Қазбек Майгелдинов, Мадина Сарбалаева, Полина Шиманская, Жанна Ильичева, Жанна Ахметова, Нұр Қанатұлы, Ілияс Мыңжасаров және Тимур Асылхановтар (бұл жазба авторларының бір бөлігі ғана – ред) жаңаөзендік мұнайшыларды халық алдында жағымсыз образда көрсететін посттар жариялады. Кейбірі кейіннен жазбаларын өшіріп тастады. Айбар Олжай 16 сәуірде саяси пиар бойынша келісім шарты аяқталғанын, оны ары қарай созбайтынын айтты. Ол бұны «жаман бизнес» деп атады.

Жаңаөзендік мұнайшыларды қаралау посттары жиілеген тұста журналист Күлтегін Аспанұлы Facebook желісінде Астанада тұратын танысына 100-200 мың теңгеге тапсырыс түскенін айтты. Оның сөзінше, жаңаөзендік мұнайшыларды қаралау постының құны 100-200 мың теңге болған. Ол дәлел ретінде чат скринін жариялады.

Masa Media осыған байланысты Күлтегін Аспанұлымен тілдесіп көрді. Оның сөзінше, журналист-блогерлердің тапсырысқа пост жазғаны жөнінде нақты дәлел жоқ. Бірақ астаналық инсайдерінің сөзіне сенеді және жазбалардың мағынасы бір-біріне ұқсас болуы сенімін одан ары қуаттаған.

– Жалдамалы, антижаңаөзеншіл «жазғышбектердің» ақша алып жатқанын, банк шоттарына ақша аударылып жатқанын ешкім көріп, ұстап алған жоқ. Бірақ оған тұспалдап, меңзейтін аргументтер жеткілікті. Дәл осындай жалдамалы «жазғышбектер» журналистер арасында өте көп. Бұндай науқан бірінші рет болып отырған жоқ. Атом электр станциясын салу, Қытай зауыттарына қатысты қоғамдық резонанс туғызған мәселелер көтерілген кезде де дәл осындай науқан болған. Ол кезде де билікке жағымды жазбалар көбейген. 

 Менің Астанада тұратын әріптесім жекеме шығып, жаңаөзендік мұнайшыларды қаралау постын жазуға өзіне үкіметтік деңгейде 200 мың теңге ұсыныс жасалғанын айтты. Бірақ өзінің атын атамауды өтінді. Мен сол жазбаның скринін жарияладым. Жалпы, жазылып жатқан жазбалардың барлығының аргументі ұқсас. Ол жерде «Неге жаңаөзендік мұнайшылар 700 мың теңгелік айлықты қанағат тұтпайды?», «Олардың барлығы Түркіменстан мен Өзбекстаннан келген қандастар» деген аргумент айтады, – деді ол.

Күлтегін Аспанұлынан бөлек, блогер Қуат Ахметжанов Facebook желісінде жазылған посттардың біріне өзіне 100 мың теңгеге тапсырыс түскенін жазды. Бірақ кейіннен пікірін өшіріп тастады. Бірақ медиасарапшы Халима Тәжіқұл онің пікірінің скринін жариялады.

Жаңаөзендік мұнайшылар 10 сәуірде Астанаға жұмыс талап етіп барып, энергетика министрлігі алдына бір күн түнеген. 11 сәуірде наразылар «ҚазМұнайГаз» АҚ компаниясының өкілдерімен кездесіп, келісімге келе алмаған. Кейіннен арнайы жасақ оларды ұстаған. Сол күні Жаңаөзен, Ақтау, Орал қалаларында белсенділер митингке шығып, мұнайшыларды босатуды талап еткен. Осыдан соң Астанаға барған мұнайшылардың бір бөлігі Жаңаөзенге қайтқан.

Жалпы, Қазақстанда қоғамдық резонанс туғызатын қандай да бір оқиға болатын болса, әлеуметтік желіде билікті жақтайтын бір сарынды жазбалар көбейеді. Азаматтық қоғам өкілдері мен тәуелсіз журналистер бұл жазбалардың барлығы биліктің тапсырысымен жазылып жатқанын жиі айтады.