Қырғызстанның қауіпсіздік қызметкерлері "Bayraktar AKINCI" дронын және басқа әскери техниканы қолдануды үйренгенін Түркияның Baykar компаниясы мәлімдеді, -деп жазды Орталық Азия жаңалықтар қызметі.
Компания Түркияда қырғызстандық, түркиялық және әзербайжандық қауіпсіздік қызметкерлері дронды қолдану курсын аяқтағанын 8 сәуірде Фейсбук парақшасына жариялады.
"Анадолу" агенттігінің мәліметіне қарағанда, жалпы 96 курсант әуеден қорғаныс әскери техникасын қолдануды үйреніп, оларға сертификаттар тапсырылған.
"Түркия, Әзербайжан және Қырғызстанның қауіпсіздік күштері өкілдері бар 96 курсант оқуды сәтті аяқтады", - деп айтылған мәліметте.
Осыған дейін Қырғызстанның әуеден қорғанушы "Аксунгур", "Акынжы", "Анка" әскери техникасын, "Байрактар" дронын алғанын ресми мәлімдеген.