Алматылық Қуан Хамитов Қаңтарда жұмысқа бара жатқан жолда Әуезов аудандық полиция басқармасының алдында оққа ұшып, салдарынан бір аяғын кесіп тастағанын айтады. Оның сөзінше, ауруханадағылар кесілген аяғын бермей қойған.
«Ауруханада қансырап екі күн жаттым»
– Қаңтардың бесі күні Абай-Гагарин көшесіне қарай жұмысқа бара жатқанмын. Әуезов аудандық полиция басқармасының алдынан өттім. Сол жерде адамдар көп жүрген соң соны қарап тұрдым. Аяғым ауырып, құлағанымды білемін, ары қарай есімде жоқ. Ауруханада есімді жинасам, аяғым қансырап жатыр екен. Қансырап екі күн жаттым. Екінші күні аяғымды кесіп-кесіп операция жасады. Содан бір үлкен кісі келіп «операцияны кім жасады?» деп сұрады. Хирургты шақырып алып, «байқамайсың ба, аяғының исі шығып жатыр, кесіп тастау керек» деді. Содан аяғымды кесіп тастады, – дейді Хамитов.
«Омондар маған тиіскен жоқ»
Қуан Хамитов өзі жатқан БСНП ауруханасынан арнайы жасақ автоматпен келіп, жаралыларды алып кеткенін көрген. Ол әскерилерге «ОМОН» формасын киіп түскен фотосын көрсетіп, күзетте істейтінін айтқан. Осыдан кейін оған ешкім тиіспеген.
– Қаңтардың 6-ы ма, 7-і ма, білмеймін. Арнайы жасақ автоматпен кіріп, қасымда кішкентай сақалы бар, аяғына оқ тиіп жараланған жігітті де алып кетті. Маған тиіскен жоқ. Менде омонның формасымен түскен сурет болған, соны көрсетіп, күзетте жұмыс істейтінімді айттым. Содан олар «жата бер» деді, – дейді ол.
«Бұдан бәрібір ешнәрсе шықпайды»
Хамитов тергеушілер аяғымды кесіп тастағаннан кейін бір рет келді, содан кейін бірнеше айдан кейін бірақ келді дейді. Оның сөзінше, тергеушілер «істе жәбірленуші деп танылдыңыз» деген. Осыдан кейін «атқандарға ешқандай арыз-шағымым жоқ» деп жазып берген.
– Аяғымды кесіп тастағаннан кейін екі тергеуші келіп жауап алды. Одан кейін ешкім келген жоқ. Қыркүйекте Алмалы ауданының полиция басқармасы шақырды. Сол жерде екі айдай жүрдім. Осыдан кейін олар істі ДВД-ға берді. Олар «болды, сені жәбірленуші деп таныдық» деді. Оқ атқандарға ешқандай шағымым жоқ деп жазып бердім. Болар іс болды. Ешқандай қарсылығым жоқ. Кімнен көремін? Бұдан бәрібір ешнәрсе шықпайды, – дейді Хамитов.
«Кесілген аяғымды өртеп жіберген шығар»
Қуан Хамитовтың айтуынша, ауруханадағылар кесілген аяғын сұрағанда «сараптамаға жібердік» деп бермей қойған.
– Кесілген аяғымды анам барып сұраған. Ол кісіге «балаңыздың аяғын ДВД-ға сараптамаға жібердік» деп бермей қойған. Ол аяқты баяғыда жоқ қылып, өртеп жіберген шығар... Өтемақы беруді талап етіп ешқандай арыз берген жоқпын. «Жұмыс істеуге жарамдысың» деп үшінші топ мүгедектікке шығарды. Негізі екінші топ беруі керек еді. Үкімет протез берді. Онымен жүріп үйрене алмай қойдым, – дейді ол.
Қуан Хамитовтың әйелі мен жеті баласы бар. Қазір анасының үйінде тұрып жатыр...