"Талибанның" жоғарғы жетекшісі (террор ұйым ретінде Қазақстанда тыйым салынған) Хайбатулла Ахундзада ауған судьяларын сот ісін жүргізу мен үкім шығарарда шариғат заңын басшылыққа алу жөнінде бұйрық берді, -деп жазды Орталық Азия Жаңалықтар қызметі.
Бұл - жұрт алдында өлтіруға, таспен ұру, адамның басы мен өзге де дене мүшелерін шабуға мүмкіндік берілді дегенді білдіреді. 2021 жылдың тамызында билікті алған "Талибан" қозғалысы 1990 жылдардағы теократиялық диктатурадан бас тартып, "жұмсақ басқару сипатына" көшуге уәде берген еді.
Ахундзада судьяларды шариғат заңы бойынша "худуд" санатына жататын қылмыстарға ерекше назар аударуға шақырған. "Ұрлық, қарақшылық, көзге шөп салу немесе көзге шөп салды деп жала жабу, ішімдік ішу және діннен безу" деп аталатын мұндай қылмыстарға шариат жазасы нақты белгіленген. Құқық қорғаушылар үкіметтің ұстанымына қайшы келетін кез келген азаматтық белсенділік "діннен безу" саналуы мүмкін деп қауіптенеді.
Былтыр Ауғанстан билігін "Талибан" алған соң құқық бұзған адамға көпшілік алдында дүре соғып жатқан видеолар БАҚ пен әлеуметтік желіде пайда болған. "Талибан" полициясының "ұстау кезінде өлген қылмыскер" денесін жұрт алдына тастайтыны байқалған.
Тәліптер үкіметі бұрын НАТО-ның әскери бөлімдері мен халықаралық ұйымдарда жұмыс істеген немесе олармен байланыста болған жүргізуші, аудармашы сияқты адамдарды қуғындап жатыр дейтін пікірлерді теріске шығаруға тырысады. Ауғанстан әйелдерінің білім алу, жұмысқа тұру, қоғамдық қызметкен айналысу, еркін жүріп-тұру құқықтары да күрт шектелген.
"Талибан" қозғалысын әлемнің көптеген елдері, соның ішінде Қазақстан да террор ұйым деп санайды. Алайда 2021 жылы тамызда Ауғанстандағы билікті алған тәліптермен бірқатар елдердің ресми өкілдері кездескен. Қазақстан президентінің арнаулы өкілі бастаған ресми делегация Кабулге барған. Ресей президенті Путиннің шақыруымен тәліп билігінің басшылары Ресейге барып, Ресеймен экономикалық келісім жасасқан.