Шымкент әкімдігінің Наурыз тойына бөлген қаражаты жайлы видео түсірген белсенді Аружан Дүйсебаеваны Қылмыстық кодекстің "Қорлау" бабы бойынша сотқа берген Шымкент қалалық мәдениет үйінің директоры, әнші Сәкен Майғазиев шетелде демалыста жүр, ал оның адвокаты Айжан Нұрлықұлова "The Qazaq Times" тілшісінің сұрағына жауап беруден бас тартты.
– Шағым түсірдік. Кімнің кәнәлі, кімнің кінәсіз екендігін сот анықтайды. Мен ешқандай пікір айта алмаймын, – деді әншінің адвокаты Нұрлықұлова жеке нөміріне хабарласқан тілшіге.
Мұнан кейін біз Сәкен Майғазиевтің өзіне де хабарластық. Шарапат есімді көмекшісі әншінің қазір шетелде демалыста жүргенін айтты. Біз Майғазиевке қойғымыз келген сұрақтарды көмекшісінің WhatSapp нөмеріне жолдадық. Ол әншіге жеткізетінін айтты. Алайда әлі жауап берген жоқ.
Майғазиев Дүйсебаевадан не талап етіп отыр?
Қоғамда Майғазиев басқаратын мәдениет үйінің Наурыз мерекесін өткізуге 595 млн теңге бөлгені қызу талқыланып жатқанда Аружан Дүйсебаева тіркелмеген "Демпартияның" Youtube видео желісіндегі ресми арнасында "Сәкен Майғазиев Шымкентте қанша ақша тонады?" деген тақырыпта видео жариялаған. Ол аталған видеода Майғазиев басқаратын мекеменің Шымкеттегі Наурыз тойына жарты млрд теңгеден астам қаржы бөлгенін сынап, әншіні "жемқор" деп атаған. Дүйсебаева бейнежазбасында журналистер мен мемлекеттік сатып алу саласын зерттеуші мамандар келтірген деректерді негізге алған.
"Демократиялы Қазақстан" Youtube арнасында жарияланған Аружан Дүйсебаеваның Сәкен Майғазиев жайлы видеосы.
Айыптау шағымына қарағанда, Майғазиев жоғарыдағы видеода өзіне қарата айтылған "жемқор", "Қазақстанды тонап жатыр, өлтіріп жатыр", деген сөздер "ар-намысымды, қадір-қасиетімді, беделімді қорлады" деп шағым түсірген. Ол айыпталушы Дүйсебаевадан аталған видеоны интернеттен өшіріп, өзінен жария түрде кешірім сұрауын талап етіп отыр. Бұған қоса, Майғазиев Дүйсебаеваның Қылымыстық кодекстің 131-бабы, 2-тармағы бойынша жауапқа тартылғанын қалайды. (Аталған баптың үкімі: Екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға жазаланады)
Айыпталушы тараптың айтқаны
Бүгін, 14 шілдеде арнайы баспасөз мәслихатын өткізген Аружан Дүйсебаева мен оның жақтастары (тіркелмеген "Демпартия" белсенділері) Майғазиев шағымының "саяси астары бар" деді. Олардың сөзінше, әншіні билік "опппозицияға қарсы қолшоқпар" ретінде пайдаланып отыр.
"Сәкен Майғазиев өзі бөлген қаржыға байланысты нақты есеп беруі керек. Бірде-бір сұраққа жауап бермей, қаншама уақыт өткеннен кейін, қаншама нақты дәлел келтірген журналистерді сотқа бермей, мені сотқа бергендігін саяси тапсырыс деп білемін. Себебі алдындағы митингтер бар, кешегі 6 шілдедегі митинг бар, солардың бәрінде біздің Демократиялық партия белсенділеріне өте қатты қысым көрсетті. Кейбірін ұрып-соқты, кейбірін қамады. Менің өзім де екі мәрте митинг кезінде омандардан таяқ жеп, ауруханаға жеткізілдім. Мұның бәрі біздің сағымызды сындыру үшін жасалып жатқан әрекеттер деп білемін. Әйтпесе, қанша уақыт өткен соң сотқа беруі... Сәкен Майғазиев түс көрді ме, білмеймін" деді Дүйсебаева.
Бұған қоса, ол 14 шілдедегі баспасөз жиынында өзіне тағылған айыптармен келіспейтінін де жеткізді.
"Егер Майғазиевтің шынымен ары таза болса, жемқорлыққа қатысым жоқ десе, неге халықтың алдына шығып, өзінің ұстанымын айтпайды? Мына қаржы мынаған кетті, мынаған жұмсалды деп неге түсіндірмейді. Ол неге egov сайтындағы құжаттарды жоққа шығарады? Журналистер, зерттеушілер барлығы нақты фактімен көрсетті емес пе" деді белсенді.
Шымкенттегі Наурыз тойының жай-жапсары
Үш жарым ай бұрын мемлекеттік сатып алу порталындағы ресми деректерді негізге алған журналистер мен белсенділер әнші Сәкен Майғазиев басқаратын Шымкент қалалық мәдениет үйінің Наурызға арналған іс-шараларға 595 млн теңге қаржы бөлгенін анықтаған. Сол кезде бұл оқиға қоғамда үлкен шу тудырған еді. Журналистер зерттеуінде Шымкент қалалық мәдениет үйінің Наурызға орай жасасқан келісімшарттарда техникалық ерекшеліктерді дұрыс толтырмағаны айтылған. Бұған қоса, осы мәселені көтерген белсенділер іс-шараларға бөлінген қаржы тым көп екендігіне және тендерді тәжірибесі жоқ компаниялардың ұтқанына баса назар аударған.
Мәселе қоғамда қызу талқыланып жатқанда Сәкен Майғазиев те, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан да журналистер келтірген деректі жоққа шығарды. Олар "Наурызға тек 213 млн теңге бөлінгенін, журналистер келтірген 595 млн теңге жыл бойы өтетін іс-шараларға қарастырылғанын" уәж етті. Бірақ олардың бұл мәліметі мемлекеттік сатып алу порталындағы ресми дерекке қайшы болды. Өйткені Майғазиев басқаратын мәдениет үйі түрлі компаниялармен жасасқан 7 келісімшартта да іс-шаралардың Наурыз мерекесіне орай екені анық жазылған.
24 маусымда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте "Қазақтаймс" тілшісінің сұрағына жауап берген Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов те 595 млн теңге тек Наурыз тойлауға емес, жыл бойы өтетін іс-шараларға да қарастырылғанын айтты. Оның сөзінше, мемлекеттік сатып алу порталындағы 595 млн теңгеге жасалған келісімшарттың бәрінде Наурыз мерекесі деп жазылып тұруына "мекеме қызметкерінің қателігі себеп" болған.
Әйтеновтың "Наурызға 213 млн теңге бөлінді, 595 млн теңге жыл бойы өтетін іс-шаралар үшін қарастырылған" дегені мемлекеттік сатып алу порталындағы ресми дерекке қайшы. Өйткені Шымкент қалалық мәдениет үйінің жыл басталғалы мерекелік іс-шаралар үшін жасасқан келісімшарттарының жалпы құны қазірдің өзінде 680 млн теңгеден асып кетті. Мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметке қарғанда, Шымкент әкімдігі мерекелік іс-шараларға 2021 жылы 800 млн теңгеден астам қаражат жұмсауды жоспарлап отыр.