Бір айға жуық «қызыл аймақтан» шыға алмай жатқан Алматы қаласына коронавирусқа қарсы вакцинаның 47 мың дозасы жеткізілген, жуырда тағы 424 мың доза алып келінеді деп жоспарланған.

Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, емханалар мен мединалық орталықтарда 189, қоғамдық өзге орындарда (СҮ, СОСО, ХҚКО, базарлар – QT) 20 және Республика сарайында егу пункті құрылған.

«Осы кезде 18 мың және 29 мың доза мөлшерінде вакциналардың 5 және 6 траншы алынды. Алдағы күндері вакцинаның 424 мың дозасының тағы бірнеше партиясын әкелу жоспарланған», – делінген хабарламада.

Тұрғындар емхана кезіп, кезекке тұрмас үшін екпе алуға Egov.kz порталы арқылы алдын ала жазылуға болады.

Жергілікті әкімдік өткен тәулікте 1180 адам екпе алғанын айтады. Жалпыхалықтық вакцинациялау науқаны басталғалы, 1 ақпан мен 8 сәуір аралығында барлығы 49 160 адам екпе алған, оның 12,2 мыңы қос бірдей дозасын толықтай салдырған.

Иммундау шарасынан өткендердің құрамы: 10 263 медицина қызметкері, 8285 педагог, 5982 құқық қорғау қызметкері, 307 мемлекеттік қызметкері, созылмалы аурулары бар 4567 адам.

Сейсенбі күнгі Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Алматы қаласына сәуір айында «Спутник V» екпесінің 316,8 мың, QazCovid-in вакцинасының 3 мың, ал «басқа өндірушілердің» 114,9 мың дозасы келеді деп еді. Алайда жергілікті билік өкілдері «өзге өндірушілердің» қатарында қай елдердің қандай вакцинасы барын білмейді.

"The Qazaq Times"