Өзбекстан президенті Орта Азия елдері арасынан бірінші болып Таулы Қарабақ мәселесі туралы ашық пікір білдірді. Шавкат Мирзиеев Қарабақ соғысының нәтижесін Әзірбайжанның бір реткі тарихи жеңісі қатарында бағалаған.
Әзірбайжен мен Армения арасындағы Таулы Қарабақ қақтығысы Ресейдің ықпалы басым ТМД елдері, әсіресе Әзірбайжанмен бауырлас Орталық Азия елдері үшін сезімтал тақырып болатын. Соның ішінде, Әзірбайжанмен тарихи тамырлас, туыстас болғанымен Ресей және Армениямен экономикалық одақ ішіндегі Қазақстан мен Қырғызстан үшін Қарабақ соғысына баға беру қиынға соққан. Қазақ пен қырғыз билігі Баку мен Ереванға біржақты қолдау көрсетуден барынша айналып өтуге тырысқан.
Бірер күн бұрын өткен Түркі тілді мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінң саммитінде өзбек басшысы Қарабақ соғысын «Әзірбайжанның тарихи әділеттілікті қайтару жолындағы жеңісі» деп бағалады және өңірдегі мәдени-тарихи мұраларды қалпына келтіруде бауырлас Әзірбайжан жұртына қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Тіпті, саммит барысында Илихам Әлиевті тағы бір мәрте жеңісімен құттықтады.
Өзбекстанның Таулы Қарабақ ісі бойынша Әзірбайжанды ашық қолдауы көптеген елдің саясаткерлері мен сарапшыларының назарын аударары сөзсіз. Бұл сондай-ақ Өзбекстан сыртқы саясатындағы Ресейге тәуелсіз ұстанымын да айқындайды. Тәшкент бұндай мәлімдемені жасай отырып Мәскеудің де өзіне деген жаңа ұстанымына ие болуы мүмкін.
Қазақстанмен салыстырғанда Өзбекстанның Қарабақ соғысына ашық пікір айтуына мүмкіндік көп. Ең әуелі Тәшкент пен Ереван ортасында дипломатиялық қарым-қатынас онша емес. Тараптар бір-біріне елші де алмаспаған. Өзбекстанның екі президенті де ешқашан Арменияға мемлекеттік сапармен барған емес. Қалай деген күнде де Орта Азиядағы түркі тілдес елдер арасында бауырлас Әзірбайжанды қолдап шыққан алғашқы ел ретінде Өзбекстанның түркі тілді республикалар арасындағы аброй беделі артпақ.