Қытайдың Ухан қаласынан тараған қауіпті індетке байланысты Қытай басшысының Жапонияға жоспарлаған мемлекеттік сапары кешіктірілуі мүмкін. Бұл туралы дипломатиялық арналарға сілтеме жасай отырып, жапондық Kyodo News ақпараттық агенттігі хабарлады.

Соңғы уақытта Қытай өзінің Жапониямен болған қарым-қатынасын реттеуге тырысқаны белгілі. Сол мақсатта Қытай басшысы Ши Жинпиң алдағы көктемде Жапониядағы алғашқы мемлекеттік сапарын жоспарлаған. Алайда, Қытай басшысының Жапония сапары кейінге қалуы мүмкін, себебі осы айдың орта шеніне жоспарланған екі ел үкіметі арасындағы дайындығы жиналысы да 4 күнге кешіктірілген.

Бұдан бір ай бұрын Ши Жинпиңның Жапония сапары сәуір айының бас шеніне жоспарланғаны хабарланған. Егер Қытай үкіметі Уханнан таралған эпидемияны тізгіндей алмаса Қытай басшысының атаулы сапары кейінге қалуы мүмкін. Жапонияның аталған ақпарат агенттігінің айтуынша, бұл енді ғана жақсаруға бет алған жапон-қытай қатынасына кері әсер етуі мүмкін екен.

“The Qazaq Times”