Филиппинде Уханнан барған 44 жастағы қытайлық коронавирустан көз жұмды. Бұл инфекциядан Қытай шекарасының сыртындағы алғашқы адам өлімі болып тіркелді. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының осыған қатысты мәліметінде көз жұмған Қытай азаматы Филиппинге барудан бұрын аталған вирусты жұқтырғанын айтты.
Филиппинде көз жұмған қытайлықтың вирусты Ухан қаласынан жұқтырғанын сол елдегі Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының өкілі мәлімдеді. Әрі бұл Қытайдан тыс жерде вирустан көз жұмған алғашқы науқас екеніне назар аударуға шақырған.
Соңғы ресми мәліметтерге қарайтын болсақ, вирустан көз жұмғандар саны 300-ден асты. Оның басым көбі коронавирустың ошағы болған Хубей провинциясында. Қытай ресми тарабы вирус жұқтырғандар санын ел бойынша 14 мың 380 адам деп көрсетті. Алайда, Гонконг университетінің мәліметі бұдан әлде қайда көп. Аталған университеттің мәліметі бойынша бір ғана Ухан қаласының өзінде вирусқа шалдыққандар саны 75 мың адамнан асып кеткен.
Қазірге дейін Қытайдың Ухан қаласында байқалған қауіпті жаңа вирус туралы белгілі мәліметтерге қарағанда, вирус жұқтырғаннан кейін 1 күннен 14 күнге дейін аралықта аурудың анық белгісі байқалмайды. Тек, 14 күннен кейін ғана белгілі болғандай дене температурасы көтерілу, түшкіру секілді тымауға ұқсас белгілері біліне бастайды. Инфекцияның қауіпті болатыны да сондықтан, осы аралықта вирус жұқтырған адам әдеттегідей айналасындағы адамдармен түрлі қарым-қатынас барысында вирусты таратып жіберу қаупі күшті.